Журналистердің биылғы кәсіби мерекесі «отарқалықтар» үшін ерекше қуаныш ала келді: қазақ мұндайды «ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді!
Соңынан ерген інілеріне – Жаскөке, шығармашыл ортада Ақкөлдің абызы атанып жүрген әріптес ағамыз, қарашаңырағымыздың іргетасын қалаған қаламгерлердің бірі – Жассерік Сәдуақас Ақордада ҚР Президентінің қолынан мемлекеттік награда – «Құрмет» орденін тақты.
Бұл – 30 жылға жуық тарихы бар «Отарқа» ғұмырнамасындағы тұңғыш «Құрмет» ордені. Қарашаңырағымыздың мерейін тасытқан оқиға! Атақ пен марапаттан қадір-құн кеткен уақытта көпшіліктің көңілінен шыққан шынайы марапаттың бірі осы болды деуге болады! Бұл жаңалыққа, Нұрлан Күлжанның тілімен айтсақ, «Ертіс-Баян, Ақкөл-Жайылма асып-тасыды!».
Жассерік Жәлелұлы – саналы ғұмырында екі-ақ мекемеде еңбек еткен адам, оның бірі – Ақкөл орта мектебі, екіншісі – «Отарқа».
«Отарқада» тер төге жүріп Жассерік «Жалғадым жырды үзілген»,«Әкеге хат» жыр жинақтарын, «Топжарған», «Иман ұялаған Ақкөл-Жайылма», «Сырт көз», «Жиған-терген» кітаптарын шығарды, Екібастұз қаласының мерейтойларына арналған «Еңсесі биік қала», «Алпыс бесінші баспалдақ» атты кітаптардың авторы. «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар облысының алдында сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет саласы үздігі» төсбелгілерінің иегері. Қазақстан жазушылар одағы мен журналистер одағының мүшесі.
35 жылға жуық уақыт «Отарқада» қара сөз бен өлеңнің отын көсеп, шахталы шаһар руханиятының бір тұғырына айналған Жассерік Жәлел-
ұлын осынау жоғары марапатымен құттықтай отыра, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына ырыс-береке тілейміз!
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА










