Облыс әкімдігінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтіп, марапаттар тапсырылды.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Асайын Байханов журналистиканың қазіргі қоғамдағы маңызын атап өтіп:
– Жасанды интеллекті мен цифрлық платформалар қарқынды дамып жатқан кезеңде сапалы журналистикаға деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсуде. Сіздер еліміздің тыныс-тіршілігін объективті түрде көрсетіп келесіздер. Бүгінгі күннің тарихын жазып, заман шежіресін жасап жатырсыздар. Осы аса маңызды еңбектеріңіз үшін әрқайсыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді.
Асайын Байханов павлодарлық журналистер еліміздегі ең мықтылардың бірі саналатынын атап өтті. Сондай-ақ, өңір журналистерінің еңбегі жоғары мемлекеттік деңгейде бағаланып отырғанын ерекше мақтанышпен жеткізді. Салтанатты рәсімнің ең маңызды сәттерінің бірі жаңа пәтерлердің кілтін табыстау болды.
Мемлекет басшысының бастамасымен Павлодар облысында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жеке баспанамен қамтамасыз етілді. Пәтер кілттеріне облыстық «Saryarqa samaly» газетінің дизайнер-беттеушісі Маржан Шекенова мен «Хабар24.kz» агенттігінің меншікті тілшісі Валентина Леонова ие болды. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау шарасының өңірде алғаш рет жүзеге асырылуы.
Салтанатты рәсім барысында облыстың медиа саласының үздік өкілдері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Аяғанов марапатталды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Нұрлан Жанарбаевқа, Николай Меркуловке, Татьяна Сартаковаға, Перизат Әмірқұловаға және Айгүл Алинаға табысталды.
Гүлнаш Әбішоваға «Еңбек ардагері» төсбелгісі берілді. Валерий Бугаевқа, Айдана Айтуғановаға, Нұржайна Шодырға және Владимир Чубенкоға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.
Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен Гүлсім Көбжанова мен Галина Марченко марапатталды.
Министрліктің Алғыс хаттарына Андрей Фисенко мен Ольга Бугаева ие болды.
Атап өтерлік жайт, облыс әкімінің қолынан «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін таққан әріптестеріміздің қатарында «Отарқаның» шекпенінен шыққан журналист, бүгінде «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-ін басқарып отырған әріптесіміз Айнұр Мейрамова да бар.
Қаңтарбаев мектебінің қарымды шәкірттерінің бірі – Айнұр Зайыргелдіқызының журналистикада еңбек етіп жатқанына ширек ғасырға жуықтады. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, алдыңғы шақырылымдардың бірінде Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болған Айнұр Мейрамова – аумалы-төкпелі нарық жағдайында кәсіпорнымызды өрге тартып, жұмысын ұтымды үйлестіріп келе жатқан басшы.
Айнұр Зайыргелдіқызын тамаша марапатпен құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз.
Ж.ӘБДІКӘРІМ











