ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Қазақстан жазушылар одағы бірлесіп Алматы қаласында 35 жасқа дейінгі ақын-жазушылар үшін шеберлік мектебін өткізді. Шеберлік мектебінде қытай әдебиетінің өкілі, 2012 жылғы Нобель сыйлығының иегері Мо Ян дәріс оқыды.
Қуанарлық жайт, шеберлік мектебіне екібастұздық жас қаламгер, ақын Ерболат Әміренов қатысып қайтты.
Айтулы шара жөнінде Ерболатпен тілдескенімізде, ол былай деді:
– Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның әңгімесінің әлқиссасы Нобель сыйлығын иеленуден басталды. Өзінің айтуынша, ол сыйлық иегерлерінің ішіндегі ең жасы екен. Сондықтан бұл оның келесі жазатын туындыларына айтарлықтай жүк түсіріп тұр. Нобель иеленген соң қытай классиктерінің туындыларына бойлай енгенін, олардың өлеңдерін зерделеу арқылы халқының құндылығын терең ұғынғандығын айтып, бізге – жас қаламгерлерге ұлттық құндылықтарды әдебиет арқылы жеткізу керектігін насихаттады.
«Жазушы үшін өз ойын білдірудің ең жақсы жолы – жазу», – дейді қаламгер. Әдебиет дегеніңіз тек жақсылардың жақсылығын жазу емес, өйтсең, шығарманың ешқандай көркемдік салмағы болмайды. «Өмірде адам кішіпейіл, біреулерге жол бергіш болуы мүмкін. Ал әдебиетте кейде өктем мінез танытып, өз жолыңмен жүруің қажет… Әрине, бастан кешкен оқиғаңды дәл сол күйінде бұлжытпай жазып шығу мүмкін емес. Ол оқиға қанша жерден ерекше болса да, әдебиет үшін бұл жеткіліксіз. Прозада қиял, көркем бейне болуы керек», – деді де, «Сиқырлы реализмның бәрі – реализм», барлығы оқырман қабылдауына байланысты екенін айтты.
Жазушының тағы бір қызығы – әлемдік деңгейдегі алпауыт жазушылардың туған топырағына ат басын тіреп, шығарма жазылған жерден оның детальдарын сезінуінде: «Жазушының еліне барып, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен тыныстап келіп, шығармасын қайта оқысаң, әсер бөлек болады». Осындайда халқымыздың «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Жақсы қаламгер болу үшін білу де аздық етеді, майда-шүйдесіне дейін көру керек екен дедік…
Мо Ян жайлы әңгімені жалғар болсақ, ол Испанияға Дон Кихотты жазған Сервантес тұрған үйге барыпты, одан Аргентинаға сапарлап, Борхестің қолжазбаларымен танысыпты. «Тынық Донды» жазған Шолоховтың жазу үстелін ұстап көріпті. «Біраз елді аралап, сол елдің қаламгерлерінің шығармашылығымен танысыпсыз. Қазаққа келерде кімдерді оқыдыңыз?» – деген сұраққа қаламгер: «Мен Қазақ жеріне келерде Акбар Мажит аударған Абайды ғана оқыдым. Бәлкім, қазақ шығармалары қытай тіліне көп аударылмаған болар, маған жете қоймады», – деп жауап берді.
Бір қызығы, Мо Ян бала күнінде аузы жабылмайтын, көп сөйлейтін бала болыпты. «Анам үнемі: «Аз сөйле, көп тыңда», – деп құлағыма құйып отыратын. Бірақ менің бойымда тек сөйлеуге деген қабілет қана емес, ішке сыймайтын, міндетті түрде бірдеңе айтқым келіп тұратын тоқтаусыз құштарлық та оянған еді. «Адамның мінезін өзгертуден гөрі тауды орнынан қозғау немесе өзеннің арнасын бұру оңайырақ» деген сөз бар. Ата-анам қанша ескертсе де, өз болмысымды өзгерте алмадым. Сондықтан болар, кейін өзімді-өзім келе-
междегендей, «үндеме» деген мағынаны білдіретін Мо Ян деген лақап ат иелендім», – дейді ол. Мо Янның өз аты – Гуан Мое.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жазушының қазақ тіліндегі қос кітабының тұсауы кесілді. Қазақстан жазушылар одағының қолдауымен жарық көрген бұл еңбектер – әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағы.
«Сарымсақ жыры» – Мо Ян шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі. Жазушының өзіне тән магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік сынға құрылған бұл роман көптеген тілдерге аударылып, әлем оқырмандарының жоғары бағасына ие болған. Кітапты қазақ тіліне аударған – Төлеген Меллат.
«Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» – қазақ тілінде жарық көріп отырған Мо Янның тұңғыш публицистикалық жинағы. Кітапқа жазушының әр жылдары жазылған эсселері, әдеби толғаныстары, сұхбаттары мен публицистикалық мақалалары топтастырылған. Жинақта автордың әдебиет пен өнер туралы көзқарастары, шығармашылық зертханасы, заманауи қоғам жайлы пайымдары, сондай-ақ, әлем әдебиетінің ірі тұлғаларына қатысты ой-толғамдары қамтылған. Кітап атауының өзі Мо Янь шығармашылығына елеулі ықпал еткен америкалық жазушы Уильям Фолкнерге деген рухани құрмет пен әдеби сабақтастықты аңғартады. Жинақты қазақ тіліне аударғандар – Еділбек Дүйсен, Әлихан Махаш.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







