Өнердің қай түрін алсақ та, бояуын ешқашан жоғалтпайтын мәңгілік тақырыптар болады. Адамзат тірлігінің бастауы – Ана тақырыбы – соның бірі де бірегейі. Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист, аудармашы Жанаргүл Қадырованың таяуда ғана жарық көрген «Күркелі: абзал аналар шежіресі» атты кітабы да тұтастай ардақты аналарға арналды. Бұл жолғы кітаптың ерекшелігі сол, жинақ Баянауылдағы Күркелі тауының бауырында түрлі дәуірде өмір сүрген, пешенесіне жазылған тағдыр мен тарихтың сан теперішін көрген аналар өмірбаянынан құралды. Аймағымыздың кітапсүйер қауымы осы айтулы оқиғаға орай Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өткен тұсаукесерде бас қосып, авторды қошеметке бөледі.
Жанаргүл Қадырованың өмір жолы мен шығармашылығына тағзым әрі жыр әлеміне рухани саяхат ретінде ұйымдастырылған іс-шара «Жанаргүлдің жыр бағы» деп аталды. Баянауылдың қасиетті топырағында туып, Ертіс-Баян өңірінің руханиятына, оның ішінде Екібастұздың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген, өлеңдері әлем тілдеріне аударылып, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақынға деген аймақ басшысы Асайын Байхановтың ілтипатын оның орынбасары Әйгерім Қабылтаева жеткізіп, шапан жауып, құттықтау хатын табыстады. Бұдан соң Әйгерім Жаңбыртайқызы ішкі істер саласының ардагері, автордың жерлесі Сұңғатбек Сапабековпен, аталмыш туындының жарық көруіне атсалысқан жоба үйлестірушісі Рүстем Айғазиновпен, сондай-ақ, «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС директоры Айнұр Мейрамовамен бірге сиясы кеппеген кітаптардың лентасын қиып, көпшілікке таныстырды.
Ақынға шығармаларын жатқа оқудан асқан мерей бар ма, Риза Асқарбек, Рамазан Дәуренбекұлы, Әмина Хамитовадай көркемсөз оқу шеберлері ақынның «Екібастұз – өлең өрінде», «Сәкен туған Жаңаарқа», «Аллаға мадақ», «Ертіс толқыны» жинақтарына енген және «Баянда тосам», «Жетінші қабат» атты кітаптарындағы лирикалық өлеңдерін оқып, тәнті етті.
Өлеңмен өрілген кеште әсем ән де төгілді. Жиналған жұрт дәстүрлі әншілер Мизан Жұмәлі мен Назымгүл Шапағаттың, сондай-ақ, Сәуле Арынғазинаның өнеріне риза болысты. Айтпақшы, тағы бір өнерпазды атап өтпеске болмас. Жанаргүлдің әр кешіне өзіндік сый-сияпатымен келіп, үнемі ыстық ықыласын аямайтын тұрақты оқырманы, жан-жақты өнерімен елге танымал Толқын Сүлейменқызы да арнау айтып, шашу шашты.
Ал кітап авторына деген қаламдастар ілтипатын Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы жеткізсе, Жанаргүлдің ауылдасы Сұңғатбек Салықұлы бүгінде Екібастұзда тұрып жатқан күркелілік ауылдастары атынан бір жылқы атап, өз сөзінде аймақ және Баянауыл ауданы басшылығына жерлестерінің ақын қызға «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе деген тілегін жеткізді. Біз де туған өлкесін талай жырға қосқан, аудандағы әр игі істің басы-қасынан табылып жүрген Жанаргүл алдағы 50 жас мерейтойы қарсаңында осынау атаққа ие болса, нұр үстіне нұр болар еді деген пікірдеміз.
Осылайша ақ жаулықты апалар шашу шашып, ақсақалдар бата беріп, сөз өнеріне деген сүйіспеншіліктің өрнекті үлгісіндей болған кештен жұрт «Жанаргүлдің жыр бағында келесі жүздескенше» деп тарқасты.
Сөз соңында кітап жайлы бірер сөз. Қилы тағдырлы ақ жаулықтылар ғұмырнамасын ерте заманнан ел аузында келе жатқан Мөр ана мен аты аңызға айналған Лекер әулиенің бәйбішесі Шалқыман бастапты. Қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық әртісі Жұмат Шаниннің жары Жанбике мен алаш ардақтысы, жазушы, ғалым, драматург Қошке Кемеңгеровтің жұбайы Гүлсім Жәмиқызы жайлы да тың деректерді оқырман осы кітаптан табады. Айтпақшы, Жанбике Шанина жайлы деректі кітапқа мақала етіп ұсынған – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров. Ал Гүлсім Жәмиқызының өмірбаянымен шөбересі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер бөлісіпті. Жалпы, бұл кітапта Күркеліге қатысты тарихи деректер аз емес.
Кітапта Күркеліде түтін түтетіп, ұрпақ өсіріп, 100 жасаған кейуаналар бөлек бір тарау, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде тылда еңбектенген аналар жеке тарау болып берілген. Бейбіт күнде қоғамның әр саласында тер төккен нәзік жандылар мен «Батыр Ана» атағына ие ардақты жандар жайлы да ұрпақтарының естелік әңгімелерін оқи аласыздар. Кейбірі тіпті кино сценарийге сұранып тұрғандай… Бір сөзбен айтқанда, автор мен жинаққа аналары, әжелері жайлы естеліктерін қосқан күркеліліктер ұрпақтан-ұрпаққа мұра, өзге жұртқа үлгі болар керемет тарту жасады. Қуантарлығы, аналар шежіресі жалғасын таппақ.
Айнұр ЗАЙЫРГЕЛДІҚЫЗЫ






