Қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт түрлерін дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, заманауи спорттық нысандардың іске қосылуына мән беріліп отыр. Осы орайда, 20 шілде күні Павлодар қаласында жаңа «Ертіс-Павлодар» ипподромының ашылу салтанаты өткізіліп, «Ертіс-Баян CUP» ат бәйгесін тамашалауға сегіз мыңдай адам жиналды. Екібастұз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен үш автобуспен жолға шыққан жүзден астам біздің жерлестеріміз де жарқын жарысты тамашалап қайтты.
Әуелі жаңа ипподром туралы айта кетелік. Павлодар қаласының сыртындағы Шарбақты көпірінің арғы жағында орналасқан атшабардағы бір айналымның қашықтығы – 2000 метр. Бір мың көрерменге лайықталған жабық трибунасы, мәртебелі қонақтар үшін шыныланған лоджиясы бар. Сонымен қатар, 20 ат күтілетін қора мен жүйріктерді баптайтын жаттығу айналымы қоса жасалыпты. Яғни, мұнда ат спортымен шұғылданушыларға толық жағдай туғызылған.
«Ертіс-Баян» ипподромының ашылу салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйлеп, аймақта ұлттық спорт түрлерін дамытуға бұдан әрі де қолдау көрсетілетінін атап өтті. Осыдан соң қуанышты оқиғаға орай қазақтың ат жалына таспа байлау дәстүрі орындалып, рәсімді аймақ басшысы жасады. Сахнадан ән-жыр төгіліп, елге танымал спорт комментаторы Шыңғыс Тау өз міндетіне кірісіп, ат құлағында ойнаған каскадер жігіттер ғаламат трюктер жасап, бәйгені тағатсыздана күткен көпшілікті желпіндіріп жіберді.
Ең алдымен ұшқыр бәйгеге кезек беріліп, Қазақстанның аймақтарынан, сонымен қатар, Қырғызстан мен Ресейден келген жүйріктер жарыс жолына шықты. Ұшқыр бәйге 1200, 2000 және 2400 метр қашықтықтарда өткізіліп, құйындай құйғытқан арғымақтар, жалына жабысқан шабандоздар көрерменді көзайым етті. Ұшқыр бәйгеден соң атқұмар қауым құнан жарыс, қолтума құнандар жарысын тамашалады. Аламан бәйгеге қосылған 30 сәйгүлік 18 километр қашықтықты еңсерді. Жеңімпаз жүйріктердің иелері темір тұлпарлар мініп, жүлдегерлер қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ұлттық спорттың ішінде қазақ күресінің орны бір бөлек екені белгілі. Білек күші мығым палуандар халық арасында әрдайым қадірлі. «Ертіс-Павлодар» ипподромының тұсаукесеріндегі қазақ күресі көп жылдар бойы естен кетпестей әсер сыйлады. Бас жүлдеге жеңіл көлік тігілгендіктен, Қазақстанның ең мықты да атақты палуандары Павлодарда тоқайласты. Олардың арасында «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері де болды. Бозкілемді қоршай жайғасқан жұрт небір ғажап белдесулерді көріп, тамсана таңдай қақты.
Іріктеу белдесулерінің бірінде қызылордалық Еламан Ерғалиев пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов күресті. Бір-бірімен талай мәрте белдескен екеуі біраз уақыт аңдысып, арбасып жүріп еді, оңтайлы сәтте Еламан салмағы 160 кило Нұрдәулетті иығынан асыра лақтырып жіберіп, таза жеңіске жетті.
Тағы бір керемет белдесу шарбақтылық Алдияр Айтмұқан мен жамбылдық Ғалымжан Қырықбаевтың арасында өтті. Бойы екі метрге жуық, салмағы 140 кило Ғалымжанның қасында салмағы 90 кило, бойы әлдеқайда аласа Алдияр бала сияқты көрінді. Бастапқыда алып палуан кішкентай палуанды бүріп тастайтындай болған. Әйтсе де бозкілемде жеңіл қимылдап, қарсыласының уысына түспеген Алдияр күресті белдесуге жеткізді. Сол сәтте оған бүйрегі бұрып тұрған қауым: «Енді қалай болар екен?» деп аһ ұрды. Расында да төрешілер белбеуден ұстатқан сәтте-ақ Ғалымжан Алдиярды тік көтеріп алып, шыр айналдырды. Бірақ Алдияр іштен шалып, қарсыласына кенеше жабысып, лақтыруға ырық бермеді. Бір мезетте Ғалымжан әдіс жасап еді, қарсы әдіске тап болып, кілем үстіне топ еткенін білмей де қалды. Алдиярдың шеберлігіне тәнті болған жанкүйерлер атойлап ортаға атып шықты.
Қысқасы, әр белдесу сайын күрес көрігі қыза түсіп, ақыр аяғы финалда қызылордалық Еламан Ерғалиев пен қостанайлық Нұрсұлтан Қабылан жолықты. Бәсі жоғары белдесуде Нұрсұлтан Қабылан жеңіске жетіп, еліне жеңіл көлікпен қайтатын болды. Үшінші орынды Абай облысының палуаны Дәурен Нұралинов еншіледі.
Жалпы, жаңа ипподромның ашылу бағдарламасы бай болып, халық қазақ тазылары мен төбеттерінің көрмесін де көре алды. Көрермен қауым демекші, олардың жағдайын ойлаған ұйымдастырушылар пәрменімен қазан-қазан тегін палау мен қап-қап бауырсақ таратылды. Сонымен бірге, лотерея билеттерінің ұтысы ойнатылып, біраз адам үйлеріне олжалы болып оралды.
Ең бастысы, сөз басында айтқанымыздай, жаңа ипподром аймақта ұлттық ат спортын дамытуға тың серпін берері анық. Ал бұл – ең үлкен олжа!
Ж.Жәлелұлы,
Павлодар қаласы







