Екібастұз өңірінде 1109 түлек мектеппен қоштасты. Артта қалған жылдарда алған білім мен тәрбиенің арқасында олар енді жаңа өмірге, ересектік кезеңге қадам басып отыр. Биыл 52 түлек үздік аттестатқа ие болса, 72 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.
Үздік түлектерді марапаттауға арналған салтанатты рәсім «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, мектеп бітірушілерді маңызды жетістіктерімен құттықтады.
– Құрметті түлектер! Бүгін сіздер ерекше марапат– «Алтын белгі» иегері атанып отырсыздар. Бұл – білімге деген құштарлықтарыңыздың, табандылықтарыңыз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Мемлекет басшысы білімді, еңбекқор әрі отаншыл жастар еліміздің жарқын болашағының кепілі екенін атап өткен болатын. Алдарыңызда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Бұл жол әрдайым оңай бола бермейді. Алайда мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бен бойларыңызға сіңген адамгершілік қасиеттеріңіз сіздерді кез келген белестен алып өтетініне сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді қала әкімі.
Салтанатты рәсім барысында әрбір түлек сахна төріне көтеріліп, «Алтын белгі» төсбелгісімен, аттестатпен және 100 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында республикалық Мәшһүр Жүсіп оқуларында өңір намысын абыроймен қорғап, ІІ орын иеленген Айша Бөкен, облыстық пән олимпиадасының жеңімпазы әрі республикалық кезеңнің жүлдегері Рахман Сапар, ағылшын тілі пәнінен облыстық олимпиаданың жеңімпазы, республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері және Гонконг университетінің білім грантын жеңіп алған Ернар Арынов секілді озат оқушылар бар.
Түлектер арасында республикалық және халықаралық деңгейде өңір намысын абыроймен қорғаған дарынды жастар да аз емес. Солардың бірі – шахматтан 18 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық ойын түрінен Қазақстан Республикасының чемпионы әрі мектеп оқушылары арасындағы Азия чемпионы Жәния Науанова. Ал Асланбек Нұрбек информатика пәнінен облыстық олимпиаданың жүлдегері атанып, халықаралық олимпиадаға қатысып, Назарбаев университетінің білім грантына ие болды.
Шара барысында түлектер атынан сөз сөйлегендердің қатарында қазақ күресінен республикалық жарыстардың жеңімпазы, ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жүлдегері Масхұт Нажмиденов, биология пәні бойынша облыстық олимпиада жүлдегері, FLEX халықаралық білім беру бағдарламасының жеңімпазы Ариана Абрамова және орыс тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиада жүлдегері, халықаралық және республикалық театр шығармашылығы байқауларының жеңімпазы, «Тәуелсіздік ұланы» облыстық сыйлығының лауреаты Яна Шепелева болды.
– Бүгінгі марапат – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Біз туған қаламыздың сенімін ақтап, адал еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Бізге бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен ұстаздарымыз бен ата-аналарымыздың үмітін ақтау – басты мақсатымыз. Болашақта алған біліміміз бен күш-жігерімізді Қазақстанның өркендеуіне жұмсаймыз, – деді түлектер.
Салтанатты кеш мектеп бітірушілердің ұстаздарына гүл шоқтарын табыстау рәсімімен жалғасты. Қала мектептерінің түлектері орындаған «Қимай тұрмын» әні көрермендерді толқытып, мектеп өмірінің жарқын сәттерін еске түсірді. Балалық шақпен қоштасқан жас түлектер үшін бұл күн ерекше әсерге толы, ұмытылмас мерекеге айналды.
Ділназ Серікбай









