23 маусым күні қала әкімдігінің үлкен залында Мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан полициясы және Сот жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Тәуелсіздікке қызмет – ұлтқа адалдық» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызмет, құқық қорғау және сот жүйесінде адал еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.
Салтанатты жиын қала әкімі Аян Бейсекиннің құттықтау сөзімен ашылды. Қала басшысы мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, елдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген сала мамандарына алғыс білдірді.
– Баршаңызды кәсіби меарекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әділетті мемлекет құру бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Ол күн сайынғы қажырлы еңбекпен, жауапты шешімдермен және өз міндетіне адал жандардың маңдай терімен қалыптасады. Осы қасиеттердің барлығы сіздердің бойларыңыздан көрініс тауып отыр, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, ол қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, мемлекеттік қызметшілердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесіне білікті әрі бастамашыл жастардың келуі саланың болашағын айқындайды.
– Сіздерді әр түрлі сала біріктіргенімен, барлығыңызды ортақ бір қасиет байланыстырады. Ол – Отанға деген адалдық. Сіздер заңға, халыққа және мемлекетке қызмет етесіздер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағына салынған инвестиция. Қоғамның берік тірегіне айналған адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Аян Бейсекин.
Мерекелік жиында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару ісін дамытуға және кәсіби міндеттерін үлгілі атқаруға қосқан үлесі үшін ішкі істер органдарының ардагерлері Николай Мачульский мен Бекболат Шакиловқа, сондай-ақ, №47 мекеменің бақылау қызметі бөлімінің бастығы Дархан Қасеновке «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.
Қала әкімінің құрмет грамотасымен ішкі істер органдарының ардагерлері Дәулет Исқақов пен Қабдывахит Сағамбаев, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас мамандары Зоя Әбденова, Гүлмира Шайкенова, Екібастұз қаласы әкімі аппаратының бас маманы Майра Бабатаева, ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің маманы Әсел Белгішева, Екібастұз қалалық сотының судьясы Сәуле Досыбаева, жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Дамира Дүйсембаева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Қайырбай, Екібастұз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұржан Қанашов, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің сектор меңгерушісі Алтын Колумбаева, жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ирина Суровцева, №47 мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі бөлім бастығы Батырхан Темірболатов және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әсемгүл Тоқтыбаева марапатталды. Сондай-ақ бірқатар сала мамандарына қала әкімінің алғыс хаты табысталды.
Екібастұз қалалық мәслихатының құрмет грамотасын мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Жетпісбай Жакупов табыстады. Марапатқа Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Әбдіғапаров, «Екібастұз қаласы Солнечный кенті әкімінің аппараты» ММ бас маманы Лариса Башкирова, Павлодар облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы Сая Дайырова, аға сот приставы Айдар Құсайынов, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы Айгүл Дүзембаева, Полиция басқармасының цифрландыру және жасанды интеллект тобының аға инспекторы Әлия Жаминова, құрылыс бөлімінің бас маманы Әнуар Зайнишев, Ақкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Күләш Нұрғалиева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақмарал Рамазанова және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жанар Успанова ие болды.
Салтанатты шара мерекелік концертке жалғасты. Әншілер Қуандық Кенжебек пен Алтынгүл Бақытхан өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ділназ Серікбай









