Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз ауылында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық Мұқағали Мақатаев оқулары өз мәресіне жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін рухани-танымдық байқаудың негізгі мақсаты – оқушылар арасында Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, көркемсөз өнеріне қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Биылғы республикалық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 67 оқушы қатысты. Үш күн бойы жас дарындар түрлі бағыттар бойынша бақ сынап, өздерінің білімін, шығармашылық қабілеті мен өнерін ортаға салды.
Байқау аясында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың мемориалдық мұражайына экскурсия жасап, ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты құнды мәліметтермен танысты. Сонымен қатар мәдени-танымдық іс-шараларға қатысып, Қарасаздың тарихи-рухани тынысын тереңірек сезінуге мүмкіндік алды.
Қазылар алқасының шешімімен 35 қатысушы ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен және грамоталарымен марапатталды. Оның ішінде 4 оқушы бас жүлдеге ие болып, әрқайсысына 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ 4 қатысушы І орын алып, 70 000 теңгеден, 9 оқушы ІІ орын үшін 50 000 теңгеден, ал 14 оқушы ІІІ орын үшін 30 000 теңгеден ақшалай сыйақымен марапатталды. Тағы 4 қатысушы грамота иеленді. Бұдан бөлек, Райымбек ауданы әкімдігі тарапынан 8 қатысушыға арнайы жүлделер тапсырылды. Байқау қорытындысы бойынша жалпы саны 43 оқушы марапатқа ие болды.
Жүлдегерлер мен грамота иегерлеріне мерейтойлық статуэткалар табысталды. Сонымен қатар жүлделі орындарға ие болмаған қатысушылардың шығармашылық ізденісін қолдау мақсатында Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған естелік сыйлықтар – смарт-сағаттар табыс етілді.
Іс-шараны Алматы облысының білім басқармасы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Жас дарын» өңірлік орталығы ұйымдастырды.
Аталмыш додада Павлодар облысының намысын қорғаған Екібастұз қаласы №11 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Әлихан Қасымханов қатарынан оза шауып, ІІ орынға ие болды. Әлиханды байқауға дайындаған ұстазы – Хамида Бүркітбайқызы.
Ж.ЖАПАРОВА






