Қала әкімі Аян Бейсекиннің тұрғындармен есептік кездесулері «Шығыс» кенішінің еңбек ұжымымен жалғасын тапты. Кездесу барысында жол қауіпсіздігі, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын орнату және жасыл желектерді күтіп-баптау мәселелері талқыланды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – жол қозғалысының қауіпсіздігі. Тоғызыншы шағынауданның тұрғыны №18 мектеп маңында, ал кеніш қызметкері Александр Гордеев №10 мектеп жанында және Бауыржан Момышұлы көшесіне бұрылатын тұста кейбір жүргізушілердің жылдамдықты жиі асыратынын айтып, аталған учаскелерге жасанды жол кедергілерін орнатуды ұсынды.
– Қалада бүгінде жасанды жол кедергілері жеткілікті деңгейде орнатылған. Әрбір осындай ұсыныс жан-жақты зерделеніп, нақты жағдайға қарай шешім қабылдануы тиіс, – деді қала әкімі.
Мәселеге байланысты Аян Бейсекин полиция қызметкерлеріне аталған жол учаскелерін зерделеп, жасанды жол кедергілерін орнату қажеттілігі бар-жоғы жөнінде қорытынды беруді тапсырды.
Кездесу барысында тұрғындардың қатысуымен жүзеге асырылатын «Халық қатысатын бюджет» жобасы да сөз болды. Кеніш қызметкерлерінің бірі Белсенді азаматтар мектебінде оқып, өз жобасын әзірлеп, өтінім бергенін, алайда әзірге жауап алмағанын жеткізді.
Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықованың айтуынша, биылғы жылға өтінім қабылдау мерзімі аяқталған. Жаңа жобаларды 2027 жылдың басында ұсынуға болады. Ал олардың іске асырылуы 2028 жылдан ерте басталмайды.
– Екібастұзда әлі де балалар ойын алаңдарын қажет ететін шамамен 80 аула бар.Биыл олардың 50-ін қамту жоспарланып отыр. Соңғы төрт жыл ішінде қалада 250-ге жуық ойын алаңы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталғаннан кейін жеке секторларда балалар ойын кешендерін орналастыру қарастырылады. Мұндай ұсыныстар қазірдің өзінде келіп түсуде, – деді қала басшысы.
Жиында тұрғындар көпқабатты үйлердің аулаларындағы ағаштарды бұтау тәртібіне қатысты сауалдарын да қойды.
Қала әкімінің айтуынша, аула аумағын күтіп ұстау ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігіне жатады. Алайда арнайы техника мен қомақты қаржыны қажет ететін жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетеді.
– Даулы жағдайлардың басым бөлігі ағаштарды кесу немесе бұтау мәселесінде туындайды. Бір тұрғындар ағаштарды жоюды талап етсе, енді біреулері оған үзілді-кесілді қарсы болады. Сондықтан алдымен қураған әрі адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ағаштарға санитарлық кесу жұмыстары жүргізіледі. Ал сау ағаштарға қатысты шешім қабылдау үшін тұрғындардың ортақ келісімі мен ресми өтініші қажет, – деп түсіндірді Аян Уахитұлы.
Мамандардың айтуынша, терек мамығының ұшуы немесе ағаштың сыртқы келбетіне қатысты жеке пікірлер оны кесуге негіз бола алмайды.
Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелерге қатысты жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді.






