№2 емханада алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесі пайда болды. Нақтырақ айтсақ, бұрын перзентхана ғимаратында жұмыс істеген бөлімше №2 емхананың ғимаратына көшірілді. Мұнда сырқаттарға кезекші дәрігер Нұржан Қапезов қызмет көрсетеді.
Бөлімшеде дәрігерге алдын ала жазылмаған, кезек күтуге жағдайы келмейтін сырқаттар жүгіне алады. 103 қызметіне түсетін қоңырау тым көп болғандықтан, емханада қызмет көрсетуге болады-ау деген ауруы жеңілірек пациенттерді осында бағыттайды. Олар емхананың жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп, бөлімшеде ем-дом қабылдайды. Нұржан Берікұлы емделушілерді бастапқы қабылдауды жүргізеді, еңбекке жарамсыздық парағын ресімдейді, ем-дом тағайындайды. Оған қоса, дәрігер фильтр-кабинетте де қызмет көрсетеді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінде хирургиялық кабинет бар, мұнда жараны таңу сияқты жеңіл-желпі хирургиялық қызметтер атқарылады. Сонымен қатар, кей науқастардың 4-5 күн бойы жүйелі ем алу мүмкіндігі бар: бұл мақсат үшін екі кереует қойылған.
Осылайша, емхананың жедел жәрдемі сырқаттар жүктемесін төмендетіп, халықты салауаттандыруға үлесін қоса бермек.
Ж.АЙТЫШ






