Сырт келбетіне, жүріс-тұрысына қарап, емханадағы кей медбикелерді дәрігерге ұқсатасың. Емдеу мекемесіне қанша барсам да алдымнан жиі ұшырасып қалатын Мәдина Шайфранованы әлмисақтан медбике деп ойлаушы едім. Сөйтсем, №2 емханада ширек ғасыр бойы тер төгіп келе жатқан Мәдина Әжмұханқызының скрининг медбикесі болғанына екі жыл ғана болыпты, оған дейін ол тазалықшы, шаруашылық бикесі болып тер төккен. Бір сөзбен айтқанда, жиырма бес жылдан бері денсаулық мекемесінің отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан адал еңбек иесі.
1974 жылы дүниеге келген Мәдина Әжмұханқызы Екібастұз медициналық колледжін тәмамдаған. Бүгінгі таңда ол – ауруды ерте сатысында анықтайтын скрининг қызметіндегі екі медбикенің бірі.
Қазіргі уақытта пациенттер скирнингтің қадірін жете ұғынған, оны Мәдинаның алдындағы құжаттардан көруге болады. Және скрининг бөлімшесіне қарасты кабинеттер алдында тізілген кезек те адамдардың өз денсаулығына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығының бір көрінісі.
Міне, №130 кабинеттегі ақ халатты абзал жандар – Мәдина Шайфранова мен Сәуле Игишева келген әрбір адамды мұқият тіркеп, тиісті тексерістен өткізіп, сырқаттарын дер кезінде анықтауға қызмет етуде.
Биылғы жылы емханада 3271 адам скринингтен өтуге тиіс екен. Алғашқы үш айдың өзінде 1187 адам қан айналымы ауруларына, 1198 адам қант диабетіне, 1277 адам глаукомаға тексеріліп үлгеріп, 1223 адам сүт безінің обыры бар-жоғын анықтаған. Өкініштісі, осы тоқсан ішінде бір әйел адамнан сүт безінің обыры анықталыпты. Үш адамда қатерсіз ісік байқалған. Осы тексерістер нәтижесінде 10 пациент қан айналымы жүйесін, 16 адам қант диабеті қаупін ары қарай тексертуге кірісіпті. Диспансерлік есепке алынғандар да аз емес. Бір жылға жоспарланған 3600 пациенттің 1422-сі колоректалды обыр ауруына бірінші тоқсанда тексерістен өтіп, біреуі қосымша тексеріске жолдама алған, тағы бір адам диспансерлік есепке енгізіліпті. Енді сырқаты анықталған адамдардың ертерек ем-дом алу мүмкіндігі бар. Ал скрининг қызметі болмаса, ауруы асқына беретін еді.
– Скрининг қызметінің биылғы жылғы жаңалығы – жыл басынан бері ер адамдарға мойын тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі жүргізіле бастады. Тағы бір артықшылық: скринингтен өтетін пациенттердің жасы бұрын 70-пен шектелетін, енді 76 жасқа дейін ұзартылды. Сондай-ақ бүгінгі таңда МӘМС-ке төлем төлемейтін азаматтардың да скринингтен өту мүмкіндігі бар. Бұл қызмет жұп жылдары және тақ жылдары туған азаматтарға жыл сайын алма-кезек көрсетіліп отырады, – дейді Мәдина Әжмұханқызы.
Жалпы, скринингтен өту туралы халықты учаскелік медбикелер құлақтандырып отырады, үйлердің кіреберістеріне де хабарландыру ілінеді. Оған қоса Damumed қосымшасы да ақпараттандырады. Ары қарайғы жұмысты Мәдина Әжмұханқызы мен әріптесі іліп әкетеді. Осылайша, Мәдина «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» қағидасын жүзеге асырып, қала халқының сырқат тырнағынан аман қалуына ықпал етіп келеді.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






