Жыл сайын жаз ішінде жасөспірімдердің еңбек жасақтары іске кірісетіні белгілі. Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде болған брифингте Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Анель Алимгожина мен «Надежда. Вера. Любовь» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Кулаков еңбек жасақтары жайлы әңгімелеп берді.
– Еңбек жасақтары құрамына 120 жасөспірім іріктеліп алынды. Соның ішінде 50 жасөспірім қалада жұмыс істейді. Ал ауылдарда еңбек ететін экологиялық жасаққа 70 жасөспірім қабылданды. Олар тәулігіне 2 сағат еңбектеніп, бір ай ішінде 35 мың теңге айлық алады. Қаладағы еңбек жасақтарының жұмыс тәртібі өзгешелеу. Олар тәулігіне 6 сағат жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестік балаларға 85 мың теңге төлейді. Сонымен бірге, 35 мың теңге мөлшерінде республикалық бонус төленеді. Бір айта кететін жайт, еңбек жасағында жұмыс істеуге тілек білдірушілер көп болды. Солардың арасынан әлеуметтік осал топқа енетін отбасылардың балалары іріктеліп алынды, – деді Анель Алимгожина.
«Надежда. Вера. Любовь» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Кулаков өз сөзінде еңбек жасағының еңбек құралдарымен толық қамтылатынын, еңбек қауіпсіздігі түсіндірілетінін айтып өтті. Балалар 1-31 шілде күндері ағаштардың түбін әктеу, қопсыту, қурайларды отау сияқты жұмыстармен шұғылданады.
Ж.Бұланбай






