Құқық қорғау саласы – батылдық пен табандылықты, әділдік пен адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған, антына адал, сертіне берік жандар ғана халықтың сеніміне ие болып, алғысқа бөленеді. Кәсіби мереке қарсаңында қоғам тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларымен сұхбаттасқан едік.
Тәжірибе мен жауапкершілік
Баянауыл ауданының Майқайың кентінде дүниеге келген полиция аға лейтенанты Айдар Аппасов бүгінде Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонында взвод командирі қызметін атқарады. Құқық қорғау саласында 11 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол – тәжірибелі де жауапты маман.
– Бала күнімнен әскери киім киіп, еліме адал қызмет етуді, тәртіп сақшысы болуды армандадым. Бүгінде сол арманым орындалды, – дейді Айдар Боранбайұлы.
Взвод командирінің міндеті оңай емес. Ол жеке құрамның кәсіби дайындығын қадағалап, қызметкерлерге бағыт-бағдар береді, тәртіп пен жауапкершіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Оның пікірінше, бұл қызметтегі ең басты қасиет – елге деген сүйіспеншілік пен мамандыққа деген адалдық.
Қызметтен тыс уақытта Айдар үстел теннисімен айналысады. Отбасында аяулы әке атанып отырған ол қызы Айзере мен ұлы Әлинұрды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуде.
– Біздің жұмыста айтарлықтай қиындық жоқ. Өйткені бұл – өз қалауымызбен таңдаған жол. Күн-түн демей қызмет атқару, ел тыныштығын күзету – Отан алдындағы парызымыз, – дейді аға лейтенант.
Тәртіп пен тұрақтылық жолында
Осы батальонның тағы бір білікті де тәжірибелі қызметкері – полиция старшинасы Дәнекер Олжабай. 1993 жылы Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында дүниеге келген ол құқық қорғау саласында 12 жылға жуық абыройлы қызмет атқарып келеді.
– Менің құқық қорғау саласына келуіме әкемнің арманы айтарлықтай әсер етті. Ол үнемі менің әскери форма киіп, мемлекеттік қызметте жүргенімді қалайтын. Бүгінде әке үмітін ақтап, ел қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді Дәнекер Төлегенұлы.
Болашақ тәртіп сақшысы азаматтық борышын Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімде, ішкі әскер қатарында өтеген. Қазіргі таңда полиция старшинасы аса маңызды мемлекеттік мекемелер мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты.
– Біздің жұмысымыз жоғары жауапкершілікті талап етеді. Күзетілетін нысандардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу үшін әр қызметкер қырағылық танытуы тиіс. Сондықтан заң талаптарын бұлжытпай орындау мен қызметтік тәртіпті сақтау – жұмыстың басты қағидасы. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі көбіне біздің сергектігімізге байланысты, – дейді тәжірибелі сақшы.
Оның пікірінше, полиция қызметкерінің бойында кәсіби дайындықпен қатар адамгершілік қасиеттер де болуы қажет. Әр азаматқа құрметпен қарап, сабыр сақтай білу, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау – мамандығының ажырамас бөлігі.
Қызметтен тыс уақытта Дәнекер Олжабай спортпен шұғылданады. Ол «ILYASSOV TEAM» клубында бокс және кикбоксингпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Өнегелі қызметкер – отбасында үлгілі әке, қамқор жар. Сүйікті жары Маликамен бірге Таңжарық, Алмаз және Арслан есімді үш ұл тәрбиелеп отыр. Бос уақытын отбасымен өткізуді жөн көретін ол балаларын спортқа баулып, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі.
– Қызметте елдің амандығын ойласақ, үйде балаларымыздың болашағы үшін еңбек етеміз. Сондықтан отбасы – мен үшін ең үлкен күш пен қолдау, – дейді полиция старшинасы.
Әскер шыңдаған шыдамдылық
Аға буынның ізін басып, қауіпсіздік шебінде тұрған жас мамандардың бірі – Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының полицейі, полиция кіші сержанты Аңсар Жантас. Қызметке кіріскеніне бір жылға жуық уақыт болса да, оның сертіне адалдығы мен жауапкершілігі – көпшілікке үлгі.
– Бұл мамандықты таңдауыма әскери қызмет әсер етті. Сол жерде тәртіптің маңызын, жауапкершіліктің мәнін және нағыз ер азаматтар арасындағы бауырмалдықты түсіндім. Әскерден кейін өзімді басқа салада елестете алмадым. Сондықтан құқықтық тәртіпті қорғау жолын таңдадым, – дейді жас сақшы.
Бүгінде оның басты міндеті – мемлекеттік қорғауға алынған стратегиялық маңызға ие нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызмет күні саптық жиыннан басталып, жедел жағдайлар жөніндегі мәліметтермен танысуға жалғасады. Қару-жарақ пен арнайы құралдар тексерілгеннен кейін ғана күзетілетін нысан қабылданады.
– Бекеттегі ең басты қауіп – бірсарындылық. Ауысым 24 немесе 48 сағатқа созылуы мүмкін. Ешқандай оқиға болмаса да, қырағылықты жоғалтуға болмайды. Біз стратегиялық нысандардың қауіпсіздігіне жауаптымыз, сондықтан қателесуге құқығымыз жоқ, – дейді кіші сержант.
Қызмет барысында оның есінде қалған оқиғалардың бірі жылу электр орталығының күзет постында болған. Тексеру кезінде бір азамат сөмкесіне пышақ жасырып өткізбек болған. Аңсар Жантас нұсқаулық талаптарына сәйкес әрекет етіп, азаматты өткізбей, жедел-тергеу тобын шақырған.
Жас сақшы әскери қызметін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінде өткерген. Сондай-ақ, 2025 жылдың 7 мамырында Астана қаласында өткен әскери шеруге қатысуы – оның өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі.
– Анам – менің алғашқы ұстазым әрі басты психологым. Ал әкем – ешқашан берілмеуді үйреткен ең сенімді тірегім. Бүгінгі жетістіктерім үшін ата-анама қашанда ризамын, – дейді ол.
Сегіз қырлы, бір сырлы полицей
2-полиция батальонының тағы бір жас қызметкері – 19 жастағы полицей Ислам Саттаров. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын жуырда бастаған ол – бала күнгі арманын жүзеге асырып жүрген жас мамандардың қатарында.
– Бала кезімнен құқық қорғау саласына қызықтым. Тәртіп сақшылары мен әскери адамдар туралы фильмдерді көріп өстім. Сондықтан бұл мамандықты таңдау мен үшін үлкен мәртебе болды, – дейді ол.
Қазіргі таңда Ислам күзетілетін мемлекеттік және стратегиялық маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға атсалысады. Жас полицей алғашқы рет жауапты нысанға күзетке шыққан күнін ерекше толғаныспен еске алады. Өйткені дәл сол сәтте таңдаған мамандығының маңызын тереңірек сезінген.
Ислам Саттаров – қызметте ғана емес, өнерде де жетістікке жеткен жан. Ол Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебінде домбыра сыныбын тәмамдаған. Жалпы 12 жылдан бері музыкамен айналысып келе жатқан жас сақшы домбырадан бөлек гитара мен фортепиано аспаптарында да еркін ойнайды. Тіпті Алматы қаласында өткен республикалық домбырашылар байқауында бас жүлдені иеленіп, түрлі телеарналар мен медиаплатформалардың қонағы болған.
– Өнердегі жетістіктеріме жол ашқан ұстазым Сайран Тезекбаеваға және мені әрдайым қолдап жүрген ата-анама, әріптестеріме алғысым шексіз. Тәртіп пен өнерді қатар алып жүру – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Ислам.
Үйдегі үш баланың ортаншысы, әпкесі мен қарындасының қамқор, қорғаны болып жүрген жас полицей үшін ең басты құндылық – жауапкершілік пен халық сенімі. Осындай тәртіп пен өнерді қатар ұстанған, ел қауіпсіздігін бәрінен биік қоятын жастар барда қоғам тыныштығы мен ел іргесінің беріктігіне сенім мол.
Ділназ Серікбай









