Емханаға жолы түскен әр пациентті дәлізде белгілі бір мамандар қарсы алады. Олардың бірі келушілерді кабинеттерге бағыттап, енді бірі бахил кию қажеттігін еске салады. Олар қақаған аяз бен үскірік ауа райында жел өтінде тұрып тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етеді әрі әр адамның уақытын үнемдейді. Қайсыбірі тіпті денсаулығы сыр беріп қалжырап тұрған адамның аяқ киімін кигізіп жібереді. Емен-жарқын көңілмен қарсы алып, көмек қолын созудан шаршамайтын бұл адамдарды, бір жағынан, пациентке жағымды көңіл күй сыйлаушылар десе де болады.
№2 емхананың «Б» корпусы табалдырығын аттаған әрбір жан ақсары өңді көзілдірікті маманды жете танып алған. Бұл – емхана әкімгері Жанар Жаназарова.
Өз міндетін қалтқысыз атқаратын Жанар Қалиоллақызы емхананың анықтама қызметі деуге де болады. Ол әр адамның сұрағына ыждағатты жауап беріп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, келушілерге жол көрсетеді.
Жанар Жаназарова – бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданының тумасы. №2 емханада жұмыс істегеніне 16 жыл толыпты. Сабырлы мінез, жайдары қалпынан айнымайтын медицина қызметкері әріптестеріне ғана емес, емхана қызмет көрсететін аумақ халқына да ерекше сыйлы.
Жанар Қалиоллақызын «Отарқа» газетінің тұрақты оқырманы ретінде де жақсы танимыз. Көкірек көзі ояу, жан дүниесі бай адам. Бойында ән салатын тамаша қабілеті де бар – ортасының гүлі.
Кейіпкеріміз Медицина қызметкерлері күні қарсаңында барша әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, берекелі табыс тіледі.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






