Педиатр маманның қадірін әр адам жақсы түсінеді. Себебі бұл маман – дүниеге шыр етіп келген әрбір нәрестені алғашқы болып қолына алып, денсаулығын қадағалап, нық қадам басуына ықпал ететін ең жақын адам. Жаңа туған баланың дене салмағын өлшеу, кеудесін тыңдау сияқты қарапайым міндеттерден басталатын дәрігер еңбегі көл-көсір, өлшеусіз. Ол жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында үй-үйді жаяу аралап, уақытпен санаспай еңбек етеді. Бір сөзбен айтсақ, кейде тіпті өз өмірін кейінге ысырып қояды.
Қаламыздағы көпшілік жақсы танитын педиатрлардың бірі – №2 емханадағы Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі, тәжірибелі педиатр Гүлжан Қажытайқызы Таттыбекова. Гүлжан Қажытайқызы – денсаулық сақтау саласындағы келеңсіз өзгерістерге байланысты оқытылуы тоқталып, тіпті жойылуға айналған педиатрия саласының ескі көз өкілі. Білері, өмірден түйгені көп. Өз ісіне тас түйін. Қабырғасы қақырап, тапшылыққа айналған педиатрияның біржола қирауына жол бермей, мәпелеп отырған денсаулық шырақшысы десек, артық айтқандық емес.
Кейіпкеріміз 1960 жылы Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде дүниеге келген. 1983 жылы Семей мемлекеттік медицина университетін тәмамдап, сол жылы Екібастұзға келді. Медициналық бірлестікке қарасты №1 емханада интернатурадан өтіп, 1984 жылдың тамыз айында №2 емханаға жұмысқа орналасты. Содан бері балалар дәрігерінің өмірі екібастұздық балаларды баптаумен өтіп келеді.
Дәрігер 20 жыл бойы тапжылмастан учаскелік балалар дәрігері болып тер төкті. Бір сөзбен айтқанда, талай көшеде батпақ кешті, талай үйдің табалдырығын аттап, талай рет көшедегі иттен қашты. Ал басшы орынтағына отыру деген әсте жұмыс оңайлады дегенді білдірмейді, қайта иыққа түскен жүк барынша ауырлай түсті.
Бүгінгі таңда №2 емханада 24 жалпы тәжірибе учаскесі бар, оның 20-сы қала жұртшылығына қызмет көрсетсе, басқалары ауыл тұрғындарының денсаулығы үшін де жауапты. Аталған 20 учаскеге қоса, төрт педиатр маман еңбек етеді. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Отбасылық денсаулық орталығы 13708 баланың өміріне жауапты.
Қоғамымызға енген цифрландыру үдерісі талай шаруаны жеңілдеткенімен, балалар дәрігерінің еңбегі жеңілдеп кеткен жоқ. Мәселен, үй аралауды онлайн атқару мүмкін емес: бұл жұмыс – педиатр жұмысының ажырамас бөлігі. Десе де Гүлжан Қажытайқызы басқарып отырған ұжым өз аумағындағы сәбилер өмірін абыроймен сақтап келеді.
Технологияның дамуымен бірге саланы ілгерілетіп отырған факторлардың бары көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, кейінгі жылдары қолданысқа енген аудиологиялық скрининг бала денсаулығын зерттеу ісін алға бастырды. 3 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас, 6 жас кезеңдеріндегі әр сәбиге жүргізілетін бұл зерттеу –есту қабілетін, жүйке-психикалық дамуын анықтауға таптырмайтын мүмкіндік. Осы орайда Гүлжан Қажытайқызы аудиологиялық скрининг маманы әрі Баланы дамыту кабинетінің медбикесі Мақтагүл Қожамбердинаның кәсібилігіне дән риза.
Жалпы, кез келген салада жұмыстың табысты болуы басшының тыңғылықтылығына байланысты емес пе. Бұл жағынан Гүлжан Таттыбекованы денсаулық саласының тегеурінді командирі деуге болады. Талап қойғыштығы, темірдей тәртіпті ұйымдастыру алуы, басқару қабілеті, ұжыммен және ата-аналармен тіл табыса білу өнері қоластындағы мамандарының да жұдырықтай жұмылып еңбек етуіне әсерін тигізді. Алдыңғы дөңгелек қалай қозғалса, артқысы да соған еретіні белгілі емес пе?! Бұл тұрғыда денсаулық сайыпқырандары өз міндеттерін адал атқаруда.
– Отбасылық денсаулық орталығында жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүрген педиатр Кифаят Эйвазова, патронаждық қызмет маманы – педиатр Жанна Мауытова, фтизиатр Динара Жангелова, жалпы тәжірибе дәрігерлері Жазира Қуанышбаева, Айнагүл Санай сияқты әріптестерімді атап өткім келеді. Олардың әрқайсысы – өз ісін жетік білетін, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген нағыз денсаулық сақшылары, – дейді Гүлжан Қажытайқызы ықыласпен.
Медицина саласында осындай жауапты мамандар барда балалардың денсаулығына алаңдамайсың. Білікті дәрігерлер жыл сайын мектепте жоспарлы медициналық тексерістер жүргізіп, балалар саулығын бақылауда ұстайды.
Өкініштісі, педиатрия саласында күрмеуі қиындаған мәселелер де жоқ емес. Солардың негізгісі – ата-аналардың балаларына екпе ектіруден көптеп бас тартуы. Дәрігерлер өз тарапынан насихат жұмысын баяулатқан емес, буклеттер таратып, сұхбат жүргізіп, ата-аналармен жиындар да өткізеді. Десе де адамдардың діни көзқарасы немесе мінез-құлқы, түрлі дақпыртқа сенуі вакциналау ісіне кедергі келтіріп, бұл кей сырқаттардың таралуына себеп болуда.
Тек вакцина мәселесін емес, терезеден құлау қаупін де дәрігерлер назарда ұстайды. Алақанына салып аялап, дамыл-дамыл денсаулығын қарап, олардың жауапкершілігін анасымен қатар арқалаған дәрігерге ешбір бала бөтен емес. «Терезеден бала құлады» деген жаманат хабарды естігісі келмегендіктен, олар жаз бойы баланы қауып-қатерден сақтау туралы ақпар таратудан жалықпайды.
Екібастұзда дәрігерлер тапшылығы өзекті мәселеге айналғалы қай заман! Жаңадан келген мамандар бірер жыл еңбектеніп, Астанаға асығады. Талай тамаша дәрігер әлеуметтік қолдауды ұтымды ұйымдастырған өңірлерге кетіп қалды. Мұндай тапшылықта жанкешті еңбек етіп жүрген Гүлжан Қажытайқызы мен оның командасының еңбегі ерлікке пара-пар.
Өңіріне «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін таққан Гүлжан Таттыбекова – шаңырағында ардақты әже, жұмыстан тыс уақытының көбін ұлы Марат, келіні Камиля сыйлаған үш тәтті немересіне арнайды.
Қазақ қоғамында денсаулық саласына наразылық көп. Олай болуына ақылға сыймайтын өзгерістер ықпал еткені сөзсіз. Соларға қарап отырып кейде маған әлемді осы Гүлжан Қажытайқызы, Галина Мулдашбаева, Татьяна Кощеевалар ұстап тұрғандай көрінетіні бар. Әйтсе де адалдықты ту еткен аға буынның күні ертең ел саулығының қорғаны болар дарынды ізбасарларды тәрбиелеп шығаратынына сеніміміз кәміл.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА







