Елімізде көп жылдан бері медицина саласында маман тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет 2026-2027 оқу жылына денсаулық сақтау саласына бөлінетін білім гранттарының санын едәуір арттырды. Бұған дейін медициналық бағыттағы мемлекеттік тапсырыс көлемі шамамен 1500-1700 грант аралығында болса, биыл бұл көрсеткіш бакалавриат деңгейінде 2700 орынға дейін көбейтілді. Сонымен қатар магистратураға арналған медициналық мамандықтарға 325 грант бөлініп отыр.
Өңірлерде дәрігер жетіспеушілігі әлі де өзекті. Бұл мәселе біздің өңірде де байқалады. Соған қарамастан денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Қаламыздағы «Дисконт» ӨК №1 емханасында да маман тапшылығы сезіледі.
Мекеме басшысы Күләш Қонысбаеваның айтуынша, емханада бүгінде 58 дәрігер қызмет атқарады. Олардың 18-і – жастар. Өткен жылы ұжым қатарын толықтыру бағытында невропатолог дәрігер жұмысқа қабылданған. Жас мамандарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Көтерме жәрдемақы ретінде 2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үй жалдау ақысына қолдау көрсетіледі немесе қызметтік пәтер ұсынылады. Тәжірибелі дәрігерлер жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда емханада 5 жалпы тәжірибе дәрігері, балалар мен ересектерге арналған окулист маман жетіспейді.
№1 емхана соңғы жылдары жас мамандармен толығып келеді. Солардың бірі – Астана медициналық университетін тәмамдаған Дархан Шаяхметов. Ол әскери борышын өтегеннен кейін Екібастұз қаласына келіп, еңбек жолын бастаған. Бүгінде отбасылы. Жұбайы да дәрігер, ол басқа емханада жұмыс істейді.
Жас дәрігерге екі учаске берілген, ол шамамен төрт жарым мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Дархан мемлекет пен мекеме тарапынан берілген көтерме жәрдемақы жұмысқа орналасуына үлкен көмек болғанын айтады. Бүгінде ол өз мамандығына толық бейімделген.
Тағы бір жас дәрігер – Назерке Тоқанова Семей қаласында медициналық білім алған. Бірнеше жыл жұмыс тәжірибесі бар. №1 емханаға орналасқанда оған да көтерме жәрдемақы беріліпті. Назерке медициналық колледжде сабақ бере жүріп болашақ жарымен танысып, отбасын құрды.
Н.Тоқанова медицина саласын әжесін емдеу үшін таңдағанын еске алады. «Адамдардың денсаулығына араша түсе білсем – өмірлік мақсатымның орындалғаны», – дейді жас маман. Алдағы келе жатқан кәсіби мерекеге орай ол әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, еңбекте табыс тіледі.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ







