Ана мен бала денсаулығы – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Кейінгі жылдары мемлекет баланың денсаулығын ана құрсағындағы кезеңнен бастап бақылауға алып, медициналық көмекті жетілдіруге назар аударып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 21 ақпандағы «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» №11 бұйрығы. Құжатқа сәйкес, балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында педиатриялық кабинеттер мен орталықтарды жабдықтау талаптары күшейтіліп, еліміздегі емханаларда бала дамуы кабинеттері ашыла бастады.
Осындай заманауи орталықтардың бірі «Дисконт» ӨК №1 емханасының базасында жұмыс істеп тұр. Мұнда нәрестелер мен мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығы мен дамуын кешенді бақылауға арналған бірнеше кабинет жабдықталған.
Орталық үйлестірушісі Хадиша Абекованың айтуынша, басты мақсат бала дамуындағы ауытқушылықтарды ертерек анықтап, олардың алдын алу болып қала бермек.
– Біз жаңа туған сәбиден бастап бес жасқа дейінгі балаларды скринингтен өткіземіз. Ерте диагностика көптеген қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Баланың бойы мен салмағының өсуін, психо-әлеуметтік, моторикалық және сөйлеу дағдыларының жасына сай қалыптасуын бақылаймыз. Сонымен қатар жас аналарға нәрестені күту, дұрыс тамақтандыру және жалпы баланың қауіпсіздігі жөнінде кеңес береміз. Баланың дамуындағы кез келген ерекшелікті уақытында байқасақ, қажетті мамандарға жолдап, дер кезінде көмек көрсете аламыз, – дейді ол.
Орталық жұмысы тек дәрігер қабылдауымен шектелмейді. Кабинет базасында дәрігерлер мен мейіргерлер баланың дамуындағы және отбасындағы психо-әлеуметтік тәуекелдерді анықтайды. Қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтермен, жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімдермен және жұмыспен қамту ұйымдарымен байланыс орнатылады. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
Орталыққа келген аналар үшін жақсы мүмкіндік қарастырылған. Кабинеттерде ата-аналарға арналған ақпараттық кітапшалар, бала дамуының кезеңдері көрсетілген плакаттар мен стендтер орналастырылған. Ал бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне сай таңдалған дамытушы ойыншықтар олардың моторикасы мен логикалық ойлау қабілетін бағалауға көмектеседі.
Біз барған сәтте мейіргер Ксения Лукина анасымен келген кішкентай бөбектің есту қабілеті мен ой-өрісінің дамуын тексеріп жатыр екен. Әуелде бейтаныс ортаға тосырқай қараған бүлдіршін мейіргердің жылы сөздері мен түрлі-түсті ойыншықтарды көрген соң еркінсіп, қызығып ойнай бастады.
– Баланың әр жас кезеңіне тән даму көрсеткіштері бар. Біз бойы мен салмағын өлшеп, уақытында еңбектеуі, жүруі, сөйлеуі, заттарды тануы сияқты дағдыларын да бағалаймыз. Егер қандай да бір кідіріс байқалса, оны ертерек анықтап, мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік береміз. Бұл кейін күрделі мәселелердің алдын алады, – дейді Ксения Владимировна.
Кабинеттер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда балалардың салмағын өлшейтін таразылар, нәрестелерге арналған көлденең және ересектеу балаларға арналған тік бой өлшегіштер, бастың және кеуде қуысының шеңберін өлшейтін сантиметрлік таспалар бар. Сонымен қатар баланы дамытушы ойыншықтар жиынтығы қойылған. Мамандар пирамида құрастыру, түстерді ажырату, пішіндерді сәйкестендіру сияқты түрлі ойындар арқылы баланың даму деңгейін бағалайды.
Орталықтағы ерекше кабинеттердің бірі – аудиологиялық скрининг бөлмесі. Мұнда нәрестелердің есту қабілеті тексеріледі. Осы мақсатта 7 миллион теңгеден астам қаржыға Германияда шығарылған заманауи аудиодиагностикалық жүйе сатып алынған.
Ерекшелігі сол, бұл құрылғы адамның белсенді қатысуын қажет етпейді. Аппарат мидың дыбысқа берген биоэлектрлік реакциясын тіркеп, есту жүйесінің жұмысын автоматты түрде бағалайды. Сондықтан жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеруде өте тиімді. Тіпті сәби ұйықтап жатқан кезде де зерттеу жүргізуге болады. Осылайша құрылғы арқылы нәрестелердің есту қабілеті өмірінің алғашқы күндерінен-ақ анықталады. Сонымен қатар адамның қанша децибелден бастап дыбысты қабылдай алатыны нақты өлшеніп, дыбыстың ішкі құлақтан миға дейінгі өту жолындағы ақауларды анықтап, диагноз қоюға мүмкіндік береді.
Орталықтағы маңызды бағыттардың тағы бірі – патронаждық қызмет. Бұл кабинет кәдімгі үй жағдайына ұқсатып жабдықталған. Мұнда балаларға арналған қосымша тағамдарды дайындауды үйрететін арнайы ресурстық бұрыштар ұйымдастырылған. Ас үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, электр плитасы орнатылған. Мейіргер Нұрай Азаматованың айтуынша, мұндай жағдай жас аналарды тәжірибе жүзінде оқыту үшін қажет.
– Біз аналарға баланы қосымша тамақтандыруды қалай бастау керектігін көрсетеміз. Сәбидің жасына сай тағамдарды дайындап, олардың құрамын түсіндіреміз. Әр ана өз көзімен көріп, өзі жасап үйренеді, – дейді ол.
Патронаждық қызмет аясында жас аналар көкөніс пюресін әзірлеуден бастап, түрлі жас ерекшеліктеріне арналған тағамдарды дайындаудың қыр-сырын меңгереді. Кейде теориялық кеңестен гөрі тәжірибе арқылы көрсету әлдеқайда тиімді болады. Сондықтан аналарға нәрестені құндақтаудан бастап жылу режимін сақтау, дұрыс көтеру, шомылдыру, емізу және төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету тәсілдері үйретіледі.
Баланың денсаулығы мен дамуын ерте кезеңнен бақылау алдағы уақытта көптеген аурулардың алдын алары сөзсіз. Орталық қызметі сонысымен маңызды.
– Әр бала дені сау болып өсуге лайық. Біз ата-аналарға дер кезінде қолдау көрсетіп, балалардың толыққанды дамуына жағдай жасауға күш салып келеміз. Ерте анықталған мәселе оңай шешіледі. Сондықтан баланың дамуын бақылауды кейінге қалдырмаған дұрыс, – дейді орталықтың үйлестіруші-дәрігері Хадиша Абекова.
Бала денсаулығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. №1 емханадағы заманауи даму орталығы осы міндетті тиімді жүзеге асырып отыр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








