Екібастұз қаласының туған күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында дәстүрлі «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған сайысқа өңірдің қала және ауылдық аймақтарынан келген он үш үміткер қатысып, өздерінің өнері мен қабілетін, күш-жігері мен білімін сынға салды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1,7 миллион теңгені құрады.
Қатысушылар қатарында спортшылар, педагогтар, өндіріс қызметкерлері, студенттер мен шығармашыл жастар болды. Ұлттық ойындарды насихаттап жүрген ұстаз, асық атудан түрлі жарыстардың жүлдегері Самалбек Тұрысбек, жеңіл атлетикадан облыстық жарыстардың жеңімпазы, мәнерлеп оқудан бірнеше байқаудың жүлдегері әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын қолөнер шебері Мұрат Мұрзатаев, республикалық және халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, ақын, композитор Қуандық Кенжебек секілді талантты жастар байқау көрігін қыздырды.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлер өздерін таныстырып, жетістіктері мен өмірлік ұстанымдары туралы баяндады. Ал шығармашылық сайыс кезеңінде ән шырқап, өлең оқып, түрлі өнерлерін ортаға салды. Үшінші кезеңде қол күресі, садақ ату және кір тасын көтеруден ептілік байқасты.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын мен 250 мың теңгелік сертификат Ақкөл ауылының тұрғыны Қыдыралы Тасболатовқа бұйырды. Ол бұған дейін Екібастұз қаласының 60 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, «Өнерлі жігіт» аталымының иегері атанған болатын.
Екінші орынды және 300 мың теңге көлеміндегі жүлдені екібастұздық Тәуекел Жұмағалиев иеленді. Ол – спорт шеберлігіне кандидат, облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы, «Жас Барыс» турнирінің чемпионы. Бүгінде өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жас спортшы отбасылық өмір мен кәсіби қызметті қатар алып жүр.
– Мен «Восточный» кенішінде конвейер машинисі болып жұмыс істеймін. Бұл байқау мен үшін үлкен сынақ болды. Дайындыққа уақыт аз болғанымен, өзімді жақсы қырымнан көрсете алғаныма қуаныштымын, – деді ол.
Бірінші орын мен 350 мың теңгелік сертификат Зеленая роща ауылының тумасы Қуандық Кенжебекке табысталды. Ақын әрі сазгер Қуандық республикалық және халықаралық вокалдық байқаулардың жеңімпазы ретінде көпшілікке жақсы таныс. Оның сахнадағы өнері мен шығармашылық қабілеті бұл жолы да көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқаудың бас жүлдесі мен «Жігіт сұлтаны – 2026» атағын екібастұздық Нұрсұлтан Ахылбек жеңіп алды. Ол – «Үздік жас ғалым» халықаралық белгісінің иегері, жеңіл атлетикадан бірнеше дүркін қала және облыс чемпионы, сондай-ақ, 2025 жылы Моңғолияда өткен мас-рестлингтен (таяқ тарту) әлем чемпионатының қатысушысы. Жеңімпазға 400 мың теңгелік сертификат табысталды.
Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге үміткерлер түрлі аталымдар бойынша марапатталып, дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ділназ Серікбай










