11 маусым күні Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті.
Биылғы іріктеу кезеңінде өңірдің белсенді, еңбекқор әрі өнерлі бес отбасы бақ сынады. Атап айтқанда, Ахаевтар, Махияновтар, Рамазановтар, Қуатхан және Илеубаевтар әулеттері өздерінің өмірлік ұстанымдарын, жетістіктерін және берік отбасылық қағидаларын сахнада паш етті.
Байқаудың таныстыру кезеңінде қатысушылар әулет тарихын баяндап, отбасы мүшелерінің жетістіктері мен қоғамдық өмірдегі белсенділігін көрсетті. Өнерлерін де ортаға салды. Ахаевтар отбасы «Көзіңнің мөлдірі-ай» әнін орындаса, Махияновтар әулетінің биші қыздары көрермендерді әсем биімен тәнті етті. Ал Рамазановтар отбасының отанасы ана туралы әсерлі ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төріне шыққан әр отбасы өзіндік дәстүрі қалыптасқан, ынтымағы жарасқан шағын мемлекет секілді әсер қалдырды.
– Өнер – бізге ата-анамыздың қанымен дарыған қасиет. Әкеміз де, анамыз да жас кезінен мәдениет саласының дамуына үлес қосқан жандар. Бүгінде сол өнерге деген сүйіспеншілікті балаларымыздың бойына сіңіріп, жалғастырып келеміз, – дейді Ахаевтар отбасының отағасы Ербол Ахаев.
Сонымен қатар, арнайы дайындалған бейнероликтер ұсынылып, қазылар алқасы үміткерлердің сахналық мәдениетін, шығармашылық ізденісін, ұйымшылдығы мен өзара сыйластығын бағалады. Нәтижесінде үшінші орын Ақкөл ауылының тумасы Илеубаевтар әулетіне бұйырып, оларға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Екінші орынды шығармашылықты серік еткен, өнерлі әрі белсенді Ахаевтар отбасы иеленіп, 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Ал байқаудың бас жүлдесі мен 300 мың теңгелік ақшалай сыйлығы Қуатхан әулетіне табысталды. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған отбасы ұйымшылдығымен және шығармашылық көзқарасымен ерекшеленді. Әсіресе, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып әзірлеген ерекше бейнеролик көрермендер мен қазылардың қызығушылығын тудырды.
Жеңімпаз отбасының отағасы Хуатхан Солтанбай «Богатырь Көмір» кәсіпорнында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Ол – жастайынан бауырларына қамқор болып өскен, бүгінде адал еңбегімен отбасының тірегіне айналған азамат. Ал отанасы Амангүл Халайжан – №13 жалпы орта білім беру мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Осыдан 25 жыл бұрын шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар – бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Әулеттің алтын діңгегі әрі ақылшысы – атасы Тохтар Халайжан мен әжесі Әлимаш Хавдолда. Тұңғыш қыздары Жанерке анасының жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдаған. Екінші ұлдары Мақсат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төртінші курсында білім алуда. Ұлдары Жолбарыс №36 лицей-мектебінің 10-сыныбын аяқтап, дәстүрлі ән орындауымен, домбыра тарту өнерімен және актерлік қырымен танылып келеді. Ал отбасының кенжелері – егіз қыздар Аружан мен Арайжан – «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 7-сынып оқушылары.
– Біздің отбасымызда сыйластық, татулық пен еңбекқорлық – басты орында. Балаларымызға үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуды үнемі үйретеміз. Демалыс күндері бірге кітап оқып, табиғат аясында серуендеуді дәстүрге айналдырғанбыз. Отбасымыздың басты құндылықтары – адалдық, мейірімділік және білімге ұмтылу. Балаларымыз мектепішілік байқаулар мен спорттық жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар, отбасымыз қайырымдылық шаралары мен мектеп өміріндегі қоғамдық іс-шараларға да тұрақты түрде атсалысады, – дейді Амангүл Халайжан.
Байқауға қатысқан өзге де отбасылар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Енді қалалық кезеңнің жеңімпазы атанған Қуатхан әулеті облыстық кезеңде Екібастұз қаласының намысын қорғайтын болады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп отырған өнегелі әулетке алдағы кезеңде сәттілік тілейміз.
Ділназ Серікбай









