Биыл жаз атқұмар қауымның асығы алшысынан түсіп тұр. 13 маусым күні екібастұздықтар Қала күнін мерекелеуге орайластырылған бәйгені тамашалады. Ат жарысты ҚР Бәйге федерациясы ұйымдастырды. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, бұл жолғы бәйге ел чемпионатының үшінші іріктеу кезеңі болып саналды. Бұған дейінгі екі кезең Қызылорда мен Талдықорған қалаларында өткізілген екен.
– Жалпы ел чемпионаты жеті іріктеу кезеңінен тұрады. Әр іріктеу бәйгесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақтық бәйгеге жолдама алады да, Қазақстанның чемпионы атағын сарапқа салады. Бүгінгі үшінші кезеңді Екібастұзда өткізуді қолдаған қала әкімдігіне ризашылық білдіреміз. Ал бәйгенің бас демеушісі – Olimpbet компаниясы, жүлде қорын солар көтеріп отыр, – деді сұхбатында Мұрат Усербаев – ҚР Бәйге федерациясының І вице-президенті.
Бәйге алдында еліміздің Әнұраны шырқалып, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов бата беріп, шабандоз балаларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін құнан жарыс басталды. Қашықтық – 7 километр. Алғашқы айналымда Жамбыл облысының Томи атты құнаны топ бастап еді, бірақ соңғы айналымда Айханым атты құнан одан озып, сөреге бірінші болып жетті. Иесі – Елжас Алдаберген, Қарағанды облысы. Томи – екінші, Дария – үшінші, Жұмбақ қыз – төртінші, Лашын бесінші келді.
Таза қанды құнандардан кейін бәйгеге қолтума құнандар қосылды. Қазақстанда туған жылқыны қолтума деп атайды. Жарыс жолына небәрі 6 құнан шыққандықтан, бәйгені ұйымдастырушылар үш орынға ғана жүлде беруді ұйғарды. Бұл жолы да Қарағанды облысының Анафия атты жүйрігі озды. Иесі – Қанат Жандосов. Жамбыл облысынан келген атбегі Әлібек Қалымбетовтің Зымыраны екінші орынды иеленді. Сейітжан Қайқыбайдың Раушаны үшінші орынға ілікті.
Топ бәйгеге 13 сәйгүлік қатысып, 12 километр қашықтықты бағындырды. Алғашқы айналымдарда Оқжетпес пен Алатау кезек-кезек топ бастады. Бірнеше жүйрік жарыс жолынан шығып кетіп, соңғы айналымда 7 сәйгүлік қана қалды. Сол жеті аттың ішінен Алтын алқа сөре сызығын бірінші болып қиды. Ат иесі – Айқын Бауыржанов, Шығыс Қазақстан облысы.
Жалпы, жүлделі орындар былайша бөлінді: Нәзік – екінші, Әл Хабиб – үшінші, Сұлутөр – төртінші, Алатау – бесінші.
Атқұмар қауым тағатсыздана күткен аламан бәйгеге де 13 арғымақ шапты. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Үміт атты сәйгүлігі төрт айналым бойы шашасына шаң жұқтырмай топ алдына түскен еді, алайда бірте-бірте шабысы әлсіреп, кейінгілер қуып жетті. Сөйтіп Жетісу облысының Ұлытауы мен Жамбыл облысының Ботакөзі соңғы айналымда үзеңгі қағыстыра құйғытты. Сөреге бірінші болып Ботакөз, екінші болып Ұлытау жетті. Қарағанды облысының жүйрігі Шапағат үшінші келе жатыр еді, сөреге тақап қалғанда үстіндегі бала жерге жалп етіп құлап түсті. Сол мезетте Жетісудың жүйрігі Гера қасынан зулап өте шықты. Әйтсе де төрешілер көмегімен атына қайта қонған балаға төртінші жүлде бұйырды. Тайқасқа атты жүйрік бесінші орынға ілікті.
Айтпақшы, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлықтар ұсынылды. Сонымен қатар, Olimpbet компаниясы ипподромға жиналған қауым арасында лотерея ұтысын ойнатты. Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны – Арман атты жігіт ұялы телефон, Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылының тұрғыны Ғабит Ахаев плазмалық телевизор ұтып алып, олжалы болды.
Ж.Жәлелұлы









