Қала әкімдігінде коммуналдық қызметтер өкілдерінің қатысуымен көппәтерлі тұрғын үйлерді 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жұмыстарына қатысты жиын өтті.
Тақырып бойынша баяндама жасаған «Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ақылтаевтың айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлерде қабылдау-тапсыру іс-шараларын өткізу сәуір айынан бастап жүргізілуде. 2026 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша қабылдау-тапсыру іс-шаралары әуелде жоспарланған 710 көпқабатты үйдің 321-інде орындалыпты (45,2%).
Атап айтқанда, 537 жылу торабы сығымдаудан өтіп (жоспар бойынша – 1055 торап), 86 су жылытқышқа сынау және тазалау жүргізіліп (жоспар бойынша – 328), 792 ішкі жүйе жуылған (жоспар бойынша – 1092). Сондай-ақ 338 дроссельдік құрылғы орнатылған (жоспар бойынша – 1092).
Қабылдау-тапсыру іс-шараларын төмен деңгейде жүргізіп отырған кондоминиум басқару органдары да бар, олар: «Чичерин» ЖК, «Егемен-сервис» ҮИК, «Мирас-182А» ҮИК, «Строй Лидер Про» ЖШС, «Хаус сервис» ЖК, «Сервис ЭКБ – 2025» ЖШС, «Домкомхоз» ЖШС.
Алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін көпқабатты 191 тұрғын үйде нысаналы алымдар есебінен келесі жұмыстар жүргізілуде: жоспардағы 109 үйдің 39-ында – жылумен жабдықтау жүйелері (35,7%), белгіленген 31 үйдің 18-інде сумен жабдықтау жүйелері жөнделді (58%). Сонымен қатар жоспардағы 48 көпқабатты үйдің 19-ының кәріз жүйелері жөнделді (39,5%), Б.Момышұлы, 24,33 мекенжайларындағы 2 көпқабатты үйге су жылытқыштар орнатылды (жалпы жоспарланғаны – 3).
Кондоминиум объектісін басқару органы жоқ 132 көпқабатты үйде 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық үшін бөлімнің жауапты мамандары бекітілген. Жиналыс кестесі бекітіліп, қабылдау-тапсыру іс-шараларын өткізу қажеттілігі туралы хабарламалар орналастырылған.
Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары кесте бойынша көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен алдағы жылыту маусымына дайындықты пысықтау жөнінде 34 жиналыс өткізіпті.
Жиында «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорнының өкілінен жылыту маусымына дайындық актісін алуға 119 өтінім түсіп, 31 үйге акті берілгенін естідік. Әкім әрбір кондоминиум органының басшысынан жұмыс жағдайын сұрап шықты. Нәтижесінде: «Жалпы жағдай жаман емес», – деп бағалады қала басшысы. Жалпы, дайындық шараларын, әсіресе, жоспарланған жөндеу жұмыстарын 15 шілдеге қарай түйіндеу тапсырылды.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





