Алпыс тоғыз жыл бұрын қала мәртебесіне қол жеткізген Екібастұз шаһары содан бері сағат санап, күн санап көркею үстінде. Аға буын мен жас буынның жасампаз еңбегінің нәтижесін өркендеген өнеркәсіптен, қуатты экономикадан, білім мен денсаулық сақтау салаларынан, өнер мен мәдениеттен байқауға болады. «Өнер» мәдениет сарайы алаңында өткізілген мерекелік іс-шарада Екібастұздың толағай жетістіктерін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов атап өтіп, «Мұнда рухы мықты адамдар тұрады», – деп баға берді.
Мерекелік салтанат бұдан соң марапаттаумен жалғасын тапты. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы «KEGOC» АҚ филиалы өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Александр Бондарьға, «Горэлектросеть» ЖШС-нің абоненттік бөлімі инженері Вера Васильеваға, Естай атындағы балалар музыка мектебінің қосымша білім беру мұғалімі Азалия Қаратайға, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-нің электр-газбен дәнекерлеушісі Юлдаш Меденбаевқа табыс етілді. Сонымен бірге, облыс әкімінің Алғыс хатына «Горводоканал» кәсіпорнының слесарі Жәнібек Ағжанов, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ жетекші маманы Сабыржан Ахметов, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің автокран машинисі Аян Исмагулов, «Ангренсор Энерго» ЖШС-нің экскаватор машинисі Виктор Шамрай ие болды.
Мерекелік кеш барысында «Өнер» мәдениет сарайы алдында құрылған керемет сахнада қала өнерпаздары мен Қазақстанның эстрада жұлдыздары ән шырқап, жиналған қауымға тамаша көңіл күй сыйлады. Алтынгүл Бақытхан, Нұрым Әлжапаров, Лейла Сейсенбаева, Айбар Серкебаев, Қуат Құдайқұлов, «Беу, жігіттер!» ансамблі ән салған соң сахнаға Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева жұбы, Bayansulu, Yenlik, V$XV Prince, Ulukmanapo шығып әуезді әндерден шашу шашып, концертті француз әншісі Willy William түйіндеді. Осылайша мерекені ұйымдастырушылар екібастұздықтарға тамаша сый жасады.
Қала күнін мерекелеуге жиналған қарақұрым халық түнгі отшашуды тамашалап тарқасты.
Ж.Жәлелұлы











