Дәстүрлі әнші, әуесқой сазгер Жомарт Қабыкеновтің есімі екібастұздықтарға кеңінен танымал. Өнерпаз жігіттің мәдениет саласында қызмет етіп жүргеніне он алты жыл болды.
Осы жылдар аралығында Жомарт Қабдікәрімұлы қызметтік міндеттерін мінсіз атқаруына қоса, шығармашылыққа бейімділігін көрсете білді. Жүзеге асырып, көрермен көңілінен шыққан жобалардың бірқатарын атап өтер болсақ, ел ішін пандемия жайлаған тұста ол «Күткен күн» сахналық қойылымын өмірге әкеліп, бейнебаян түсіріп көрсетті. Ал сонау бір жылы Жеңіс мерекесіне орай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қайран жеңгем» өлеңінің желісін сахналауды ойлап, ол ойын «Атамұра» мәдениет орталығы қызметкерлері мен №11 қазақ мектебі мұғалімдері жүзеге асырды.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Жомарттың бойында әртістік қабілет те жеткілікті. «Өнер» мәдениет сарайында әуесқой өнерпаздар «Танакөз» спектаклін қойғанда Жомарт колхоз төрағасы Қоғамбайдың рөлін сомдап, көрермен алғысына бөленді.
Айтпақшы, бастапқыда «Мирас» деп аталған, қазіргі уақытта «Мұрагер» халықтық ұлт аспаптар ансамблі ретінде өнер сүйер қауымға танылған ұжымның құрылуына да Жомарт Қабыкеновтің түрткі болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ансамбль құрамында ойнайтын Сұңғат Көпежанов, Ербол Ахаев, Арман Рай, Болатбек Шаланов — Жомарт Қабдікәрімұлының өнердегі серіктері. Аталмыш ансамбльдің репертуарын сөзін де, әнін де өзі жазып, Жомарт «Кереку — кербез мекенім», «Достық мекені» әндерімен толықтырды. Сонымен қатар, біздің кейіпкеріміз жерлесі, ақын Жассерік Жәлелұлымен шығармашылық одақ құрып, «Далалықпын», «Ақкөлім», «Көкбөрі – көкпар» сияқты әндерді тудырып, Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихы баяндалған «Ежелгі қоныс – құт мекен» деректі фильмі түсірілгенде жоба авторы – Жассерік Сәдуақасовқа кеңесші болды.
Бүгінгі күні «Атамұра» мәдениет орталығына қарайтын Атығай ауылдық клубының әдіскері болып қызмет етіп жүрген Жомарт Қабыкенов биылғы жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай министрліктің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өңір мәдениетіне сіңірген көп жылғы адал еңбегінің лайықты бағалануы Жомарт Қабдікәрімұлының шығармашылығына серпін береді деп ойлаймыз.
С.Құдайберген






