«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында қазақ халқының ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Ұлы даланың тірі пернелері» атты этнофестиваль өтті.
Іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және қала тұрғындары қатысты. Фестиваль қазақтың ұлттық күйлерімен басталып, «Алау» халықтық ансамблінің орындауындағы «Арулар» биімен жалғасты. Ашылу рәсімінде Жамбыл Жабаев бейнесіндегі кейіпкер ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған монолог орындап, жиналған қауымға ақ батасын берді.
Салтанатты жиында Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова құттықтау сөз сөйлеп, Жамбыл мұрасының ұлттық мәдениет пен руханияттағы ерекше орнына тоқталды.
Фестиваль аясында қала мектептері киіз үйлер тігіп, мазмұнды көрмелер ұсынды. Әр киіз үйде Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын дәріптейтін «Ленинградтық өренім», «Сөз барымтасы», «Айтыс» секілді тақырыптық экспозициялар қойылып, келушілер ақынның өмір жолы мен шығармашылығымен танысты.
Сонымен қатар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бейнелейтін жәдігерлер, ұлттық киім үлгілері, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар мен шығармашылық жұмыстар көрермен назарына ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер мен ұлттық киім киген оқушылар қонақтарды қарсы алып, қазақы қонақжайлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дастархан жайылды.
Этнофестиваль барысында оқушылар асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарға қатысты. Ал жас өнерпаздар домбырамен күй орындап, халық әндерін шырқап, мерекенің сәнін келтірді.
Шара барысында Естай атындағы музыка мектебінің оқушылары ансамбль жетекшісі Сайран Тезекбаеваның өңдеуіндегі «Дала рухы» күйін орындады. Сондай-ақ,«Радость» үлгілі хореографиялық ансамблі «Киелі дала» биімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында «Очарование» үлгілі хореографиялық ансамблі «Дала өрнектері» биін орындаса, «Арайна» ансамблі «Желдірме» күйін тарту етті.
Ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтаған іс-шара Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттауға, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталды. Фестиваль соңында қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсіп, мерекеден жағымды әсер алып тарқасты.
Ділназ Серікбай








