Қала күні қарсаңында қаламыздың рухани әлемінде тамаша жаңалық болып, «Отарқаның» штаттан тыс тілшісі Қайролла Дүйсенбаев Қазақстан журналистер одағының мүшесі атанды.
Одақ куәлігі мен төсбелгісін Қайролла ағаға Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Болат Аманбаев «Отарқа» газетінің редакциясында табыстады. Салтанатты рәсімге Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, қаламгер Серік Елікбай да ортақтасып, ағамызға жылы лебізін білдірді.
Қайролла Дүйсенбаев «отарқалық» оқырманға «Алға – Вперед» кезінен етене таныс, жалпы оның қалам ұстағанына алпыс жылдың жүзі болды. Жас кезінде облыстық «Қызыл Ту» газетінің «штаттан тыс тілші» куәлігіне ие болып, белсенді еңбегі үшін облыстық атқару комитетінің алғыс хатымен марапатталған.
Ұстаздық пен қаламгерлікті қос қанатына айналдырған азамат өмірден көріп-біліп, жиған-терген қазынасынан сөз сарайын соғып, талай жылдан бері газет оқырмандарын тың дүниелермен сусындатып келеді.
Қайролла ағамыздың ілкімді еңбегінің арқасында Төртүй өңірінің тыныс-тіршілігі, ондағы жайсаң да еңбекқор тұлғалар әрдайым жергілікті баспасөз бетінен көрініп, қарапайым адам кейпінен кейіпкер, қаһарманға айналып отырды. Оның мақалаларының кейіпкерлері – қарапайым еңбеккерлер, ауыл мектебіндегі ұстаздар, қазыналы қарттар. Ауыл-аймақтағы игі жаңалықтар, ілкімді істер, бірлік пен ұйымшылдық үлгісі қаламгердің жазбалары арқылы көпшілікке тарап, үлкен-кішіге тағылым үніндей болды. Осы тұрғыдан алғанда, Қайролла ағаны ауыл руханиятының шырақшысы деуге де болады. Таяуда «Отарқа» газетінде жарық көрген Төртүйден шыққан танымал тұлға – Байболат Әубәкіров туралы естелігі де автордың өмірдегі қай құбылысқа болса да ұсақ-түйек деп қарамайтынын және нақтылыққа сүйенетінін аңғартады.
Жазған-сызғанын тек газетпен шектемей, Қайролла аға өз очерктері мен публицистикалық еңбектерін жинастырып, «Жұмбағы көп дүние жалған», «Өмір-өзен» атты кітаптар шығарғаны мәлім.
Қалаға қоныс аударып, зейнеткер атанса да, қарт ұстаз қаламынан ажыраған жоқ. Ол қоғамда болып жатқан құбылыстарды нысанаға алып, көрген-білгенін мөлтек эссеге айналдырып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қала келбетінің барометріне айналған жайы бар. Екібастұз қаласында болып жатқан тамаша жаңалықтар, қала инфрақұрылымының жаңаруы жайлы да сүйіншілеп үлгеруде.
Қаламгер ағаны мәртебелі жаңалықпен құттықтап, деніне саулық, еңбегіне жеміс тілейміз! Жазарыңыз таусылмасын!
Болат Аманбаев, Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының директоры:
– Бүгін Журналистер қауымына тағы бір ерекше жан қосылды. Ол кісінің есімі – Қайролла Дүйсенбаев! Қайролла ағаны облыс жұртшылығы жақсы біледі. Жетпістің жетеуіндегі ағамыз жазудан шаршаған емес. Кейде көлдей көп қылып, кейде шөлдей шағын мақала береді. Ең бастысы, өрттей өзекті!
Міне, осы ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Көкшенің қызы екен. «Жеңгей, кешегі хан Абылайға алты қызын берген Атығай-Қарауылдан боларсыз», – дедім. Сөйткенше болған жоқ, жеңгем: «Қайным, руымды қойшы, менің есімім – Нұргүл, сіңлім – Ботагөз. Журналиссің ғой, ал, осы мәліметтен не түйдің?» – деп қарсы сұрақ қойды. Сосын: «Қайным, саған ғана емес, бүкіл қазаққа Ботагөз есімімен танылған, тар заманда тағдыр тауқыметін жеңіп шыққан сол бір қыз Нұргүл болады. Біздің елдің адамы», – деді апай. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романындағы басты кейіпкер Ботагөздің прототипі нақты Нұргүл есімді қыз екенін екінің бірі біле бермейді. Бұл – жазушының өз естеліктерінде бар мәлімет. Нұргүл – өмірде шынымен болған адам. Көрген қиындығы көп, бірақ кейін бәрін жеңеді. Әділдік үшін күресіп, батыл қыз атанады…
Жанаргүл Қадырова






