— Екібастұз жылдан-жылға көркейіп келеді. Тұрғындар мұны көзбен көріп, тұрмыста сезініп отыр. Еңбегіңіздің орасан екенін бағалаймыз, — деді зейнеткер Рымкеш Өмірбекова №18 қазақ мектебінің мәжіліс залында №№ 8, 8 а, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15 шағынаудандар тұрғындарымен болған есептік кездесуде қала басшысы Аян Бейсекинге алғысын жаудырып.
Осы сөзінен соң зейнеткер академик Мәрденов көшесі, №9 үйдің ауласына жасанды жол кедергісін орнатуды өтінді. Өз кезегінде қала әкімі мұндай кедергіні қаптатып орната беруге болмайтынын түсіндіріп, мәселені зерделеуді полиция мен ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне тапсырды.
Бұл жолғы кездесуде де, әдеттегідей, балалардың ойын алаңдарына, аула іші жолдарына, тротуарларға, ағаштарды күзеуге қатысты сұрақтар көп болды.
— Біздің ауламызда сәуір айында балалардың ойын алаңы құрылысы басталған еді. Алаңға жиектастар орнатылып, қиыршық тас пен құм жеткізілді. Алайда содан бері қозғалыс жоқ, — деген сұраққа қала басшысы: «Биыл жазда қала бойынша 50 балалар ойын алаңы жасалады. Мердігер соларды қыркүйек айына дейін пайдалануға беруге міндеттенген. Басталған құрылыс аяқталады», — деп сендірді.
М.Әуезов көшесі, 89 а үйдің тұрғыны – Жанат есімді жігіт аулада әр көлік үшін жолақ сызып, орын бөлуге рұқсат бар-жоғын білгісі келді. Қала басшысы бұл мәселені зерделеуді ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі мен учаскелік инспекторға тапсырды. Шешім содан соң қабылданады.
— Былтыр ауламызға асфальт төселген еді. Ол үшін рахмет. Бірақ сол кезде орындықтарды алып тастаған болатын. Жұмыс біткен соң орнына орнатылған жоқ. Кешқұрым есік көзінде отыруға жағдай болмай тұр, — деп шағынды қартаң адам.
Негізі, жоспарда орындықтар орнату қарастырылмаған екен. Десек те мәселені шешудің амалы табылды. Орындықты осы округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Қанат Тұрлыбеков орнатып беретін болды.
Қазіргі уақытта жеке меншік жеңіл көлік көп. Аулалардағы автотұрақтан орын таба алмай кейбіреулер көлігін кіреберіске тіреп қойып, үй тұрғындарының кіріп-шығуына кедергі келтіреді. Есеп беру жиынында осындай мәселеге қатысты арыз-шағым айтушылар көп болды.
— Бұлай істеу адамдардың кіріп-шығуына ғана емес, төтенше жағдай бола қалса, арнайы техникаға да бөгет болады, — деген қала басшысы мәселені реттеуді полиция басшылығына жүктеді.
Естай Беркімбаев көшесі, №95 үй тұрғындары атжалмандардың көбейіп кеткеніне арызданып еді, қала басшысы кеміргіштерге қарсы дәрілеу жүргізілетінін айтты.
Сонымен қатар, есептік кездесуде тұрғындар тарапынан «Екібастұз жылу тораптары» және «Горводоканал» кәсіпорындары жөндеу жүргізген соң асфальт жабындысын жөнді қалпына келтірмейтініне шағымданды. Қала әкімі аталмыш кәсіпорын басшыларын жауапкершілікке шақырып, бақылау жасауды ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысына тапсырды.
Қазіргі кезде алаяқтық қылмыс өршіп тұр емес пе. Адамдарды алдаудың небір амал-тәсілдерін ойлап тапқан алаяқтар кәріні де, жасты да аямайды. Олар құрған қақпанға, әсіресе, сенгіш зейнеткерлер түседі. Осыны айта келе Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов:
— Сақ болыңыздар! Бөгде нөмірден қоңырау шалынса, сөйлеспеңіздер. Инвестицияны үйіп-төккендерге сенбеңіздер, — деп, жиналған қауымды сақ болуға шақырды.
Ж. Жәлелұлы






