Қала әкімі Аян Бейсекиннің №26 қазақ мектебінің мәжіліс залында болған бұл жолғы есеп беру кездесуіне №№ 1,2,3,4, 5 а,б, 6, 7 шағынаудандар тұрғындарының ішінен бірсыпыра адам жиналды.
Екі тарап арасындағы әңгіме басталғанда, Асқар Лақ есімді азамат аула ішіндегі қалтарыс жолдарда жас балалардың скутермен зуылдатып жүретініне, сөйтіп адам өміріне қауіп туғызатынына шағымданды. Бұл мәселеден қала басшысы да хабардар екен. Ол жылдамдық ережесін бұзушыларды тәртіпке шақыруды полицияға жүктеді.
Бірқатар тұрғындар аулаларын асфальттауды, балалардың ойын алаңдарын орнатуды сұрады.
– Өкінішке қарай, қалада балалардың ойын алаңы жасалмаған әлі 80 аула бар. Биыл 50 ойын алаңы істеледі. Ал асфальттауды қажет ететін аула саны – 120. Биыл жаз 30 аулаға асфальт төсеуге 570 миллион теңге қаржы бөлінді. Сөз болып отырған жұмыстар жоспарға сай істеліп жатыр. Жоспарға енбеген аулалар тұрғындарына күте тұруға тура келеді, – деп түсінік берді қала басшысы.
Есептік кездесуде шағым-арыздар ғана айтылған жоқ, алғыс пен ризашылық та білдірілді. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 36-40 биік үйлер ауласында тамаша сквер жасалған екен.
– Кешқұрым сонда серуен құрып, орындықта тыныс алып, музыка тыңдаймыз. Жастар жағы спорт алаңшасында ойнап, шынығады. Бір ғажабы, бұрын маза бермейтін маса мүлде жоқ, – деген қала тұрғынының сөзін өзге адамдар да қоштай жөнелді.
Расында да, ғылыми негізделіп, қансорғыштарға қарсы жүргізілген дәрілеу жұмысы өз жемісін беріп отыр емес пе.
Әдеттегідей кездесуде жасыл желекті сақтау, көгалдандыруға қатысты ұсыныс-пікірлер де айтылды.
– Шаһарды жасыл желекке көмкерудің дендра жоспары жасалған. Соған сай қыруар жұмыс атқарылу үстінде. Биыл күзде Энергетиктер көшесі бойына мыңдаған ағаш отырғызылады. Бос жерлерге қара топырақ төселіп, көгалдандырылады. Жалпы, аталмыш көше адам танымастай өзгереді. Жаңа кейіпке енген «Шахтер» саябағы ашылып, қалалықтардың сүйікті демалу аймағына айналады. Жылдан-жылға көшебақтар саны көбейетін болады, – деген қала әкімі Аян Уахитұлы адамдар игілігі үшін атқарылған игі істерді бағалай білуге шақырды.
Ақиқатын айту керек, біздің ішкі мәдениетіміз әлі төмен. Бүлдіруге, былғауға бейім тұратын жас та, бала да табылады. Тіптен, жеке үйлердің кейбір иелері көр-жерді ауласының сыртына үйіп, көше сиқын бұзады. Мұндай үйлердің иелері әкімшілік жолмен жазаланып, 200 айыппұл салыныпты. Осындай келеңсіз жайттарды мысал еткен қала басшысы заң мен тәртіпті сақтау баршаның міндеті екенін, олай етпеген жағдайда жазалау болатынын қаперге салды. Тағы бір көңіл бөлерлік мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Қала мүлкін сақтауға немқұрайлылық етек алғанда, есіл еңбек еш кететінін ұмытпаған жөн.
Ж.Бұланбай






