Қала әкімінің Сарықамыс ауылдық округінің халқы алдындағы есеп беру кездесуі ауыл мектебіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан басталды.
Бұған дейін 2010 жылы мектептің шатыры ауыстырылып, 2016 жылы 1-қабат терезелері жаңартылыпты. Ал қазір мектепте күрделі жөндеу аясында қасбет жаңа кейіпке еніп, терезе блоктары мен сыртқы есіктері, жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Қала әкімі Аян Уахитұлы бастаған топ мектеп сыртының жылу оқшаулағыш материал үстінен металл сайдингпен қапталып жатқанына куә болды. Сонымен қатар, спорт залдағы жылу батарейлері заманауи радиаторларға ауыстырылуда. Мердігер «Namys Stroi-Grouр» ЖШС директоры Тимур Рахымжановтың айтуынша, жұмыс 80 пайызға аяқталыпты. Күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген жалпы сома – 149 миллион теңге. Жұмыс толығымен 10 шілде кезінде аяқталмақ.
Жалпы, Сарықамыс халқы мектептегі жөндеу жұмысына дән риза: тұрғындар жиында жөндеу жөніндегі уәдесін қалтқысыз орындаған Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюсповаға алғыстарын жаудырды.
Атап өтерлік жайт, Сарықамыс ауылының былтыр сайланған әкімі Салауат Халиханұлының да жұрттың көңілінен шыққаны аңғарылды: «Әкім, қандай шаруа атқарсақ та, жанымыздан табылады», – дейді олар бірауыздан.
Есеп беру жиынында көтерілген негізгі мәселе ауыз су жайы болды. Сарықамыс ауылындағы 2021 жылы тартылған орталықтандырылған су жүйесінде мәселелер туындап тұрған жайы бар. Атап айтқанда, резервуардың су тазарту өнімділігі төмен, мембранды сүзгіш тамызда бір, биылғы қаңтарда бір ауыстырылыпты. Енді кварцтарды ауыстыру қажет. Су жүйесіне қызмет көрсетуді міндетіне алған мердігер – «Экибастуз Технадзор» ЖШС қажетті жабдықты ауыстыратын болыпты. Шегініс жасар болсақ, 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Сарықамыс ауылында орталықтандырылған су жүйесіне 78 абонент, оның ішінде 4 әлеуметтік нысан қосылған болатын. Қашықтығы 6 шақырымды құрайтын су жүйесіне тазартқыш құрылғы, көлемі 100 текше метрлік екі таза су резервуары орнатылған.
Судың жай-күйімен арнайы барып танысқан Аян Уахитұлы: «Мердігер жұмысын орындағаннан кейін тексеріс жүргізілетін болады», – деді.
Тұрғындардың бірі Қуандық ауылына бұрылар тұсқа жол белгісі қажеттігін тілге тиек етіп еді, ол белгі қойылған болып шықты. Жиында бау-бақша суаратын су, лимандар жайы да сөз болды. Қала әкімі су арналарын «Казводхоз» кәсіпорны балансқа алып жатқанын, алдағы уақытта лимандарды тазарту ісі бір жүйеге келтірілетінін айтты. «Жалпы, қазіргі уақытта Шідерті арнасына экологиялық мақсаттағы судың бөлініп жатқанын да көңілге медеу ету керек», – деді ол.
Зейнеткер Мұрат Баттал Солнечный кенті аумағындағы өрт бекеті мен Сарықамысқа бұрылатын аралықтағы бір шақырымдық жол да жөнделсе екен деген пікірін білдірді.
Жалпы, сырт көзге Сарықамыс жұртының тұрмысы тоқ, көңілі көтеріңкі көрінді.
Ж.ЖАПАРОВА







