Дәл есімде жоқ, бірер жыл бұрын Екібастұз қалалық мәслихатының бір топ депутаты №22 шағынаудандағы №21 мектептің қасында құрылысы аяқталмай қараусыз қалған бассейн ғимаратын аралап шығып, көшпелі мәжіліс жасап, кеңес құрды. Сол жолы көзге шыққан сүйелдей болып тұрған Кеңес дәуірінің мұрасын алдағы уақытта қалайша игілікке жаратудың жолы ойластырылған-ды. Қаламыздағы өкілетті биліктің тізгінін ұстап отырған азамат – Нияз Макраевпен әңгімелескенде, халық қалаулыларының табанды ұстанымы нәтижесінде аталмыш мәселенің оң шешімін тапқанын, ғимараттың жеке меншіктен қала меншігіне өткізілгенін, енді қаржыландыру жағы оңтайланса, қайта қалпына келтіріліп, іске қосылатынын естідік.
Айтпақшы, атқарушы билік пен өкілетті биліктің тізе қоса іс-әрекет етуі жемісін беріп, №17 мектептің тозған бассейні жаңартылғанынан, №31 шағынаудандағы тоз-тоз болған балабақшаның мемлекет меншігіне қаратылып, ерекше балаларға арналған мекемеге айналдырылып жатқанынан екібастұздықтар құлағдар. Біз сөз етіп отырған игі істер – қалалық мәслихаттың қозғау салуымен атқарылған көп істің бір парасы ғана. Басшы білікті болса, қосшылар да қарымды болады. Ендігі әңгіме 13 маусымда асқаралы 60 жасқа толғалы отырған Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Құдайбергенұлы Макраев жайлы болмақ.
Біздің кейіпкеріміз Төртқұдықта туғанымен, апыл-тапыл қадам баспай тұрып-ақ отбасы Баянауыл ауданының Бірлік ауылына қоныс аударған екен. Бірлік – әулеттің атақонысы. Арғы аталарының бірі Дәржан сол өңірде болыс болған, оның баласы – Оразбай қажылық парызын өтеген адам. О дүниелік болған соң Бірлік маңындағы Тұз көлінің түбіндегі қорымда жерленіпті. Оразбайдың баласы – Қабылда, оның баласы Мықырай да өз заманында ел ішінде сыйлы азаматтар болған екен.
– Әкем Құдайберген «Бірлік» кеңшарында қой бағып, табысты еңбегі үшін «Жигули» жеңіл көлігін сыйға алғаны есімде. Анам Рымшаш Ермұханқызы екеуі үш перзент сүйді. Мен отбасындағы жалғыз ұлмын. Сәуле атты апайым, Зәмзагүл атты қарындасым бар. Қойшының баласы болғандықтан, Майқайың мектеп-интернатында оқып, әкемнің сілтеуімен 1982 жылы Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумына түстім. Ауылда бірге өскен Асқар Ахметов атты досыммен хат жазысып жүрдік. Ол: «Екібастұз тау кен техникумына ауыс. Ел жақта Майкөбен кеніші іске қосылады. Өндіріске жас мамандар қажет болады» деп үгіттеген соң, бір жылдан кейін әлгі техникумның табалдырығын аттадым. Бұл қадамның менің кейінгі тағдырыма ерекше ықпалы тиді, – деп Нияз Құдайбергенұлы өмір белестері жайлы әңгімеге көшті.
Техникумда оқып жүргенде «Шығыс» кенішінде өндірістік практикадан өтіп, бұрғылау станогында жұмыс істеп, 4-разряд иеленген ол оқуын аяқтаған соң, «Майқайыңалтын» кен басқармасының Шөптікөл кенішінде бұрғылау станогі машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. 1986-1988 жылдары Германияның Лейпциг қаласында әскери борышын өтеп, старшина шенінде елге оралады. Қайратты жас маман «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігіне қарайтын «Майкөбен» кенішіне тау кен мастері болып орналасып, 1990 – 2004 жылдар аралығында учаске бастығының орынбасары, учаске бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, көмір өндірісінің қайнаған қазанында әбден піседі. Адал еңбегі ескеріліп, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері атанады.
Мол тәжірибе жинап, таным көкжиегі өскен, жасы қырыққа таяп қалған Нияз Құдайбергенұлы енді өзін басқа салада сынап көрмек болып, 2004 жылдың күзінде өндірістен қол үзіп, Павлодар ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығы Екібастұз қалалық филиалының директоры қызметіне тағайындалады. Сол уақытта жолы болып, кемел басшы, орталықтың бас директоры Әбілқақ Түгелбаевпен өмір жолы түйісіп, қайраткер тұлғаның, сонымен қатар, тәжірибелі басшы Михаил Сергеевич Анисимовтың тәлім-тәрбиесін көреді. Жеті жыл ішінде осы саланың ұңғыл-шұңғылына қанығып, ой-өресі өскен Нияз Макраев 2011 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Екібастұз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалып, бұл қызметті екі жыл атқарып, 2013 жылы Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняктің шақыруымен қала әкімінің кеңесшісі болып, ауылдық елді мекендер, ауыл шаруашылығы мәселелерімен шұғылданады. Осылайша әр түрлі салада қызмет атқарып, көргені мен көңілге түйгені молайған азаматқа қала басшылығы партиялық қызметке ауысуды ұсынады. Сөйтіп ол 2018-2023 жылдар аралығында «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы болады. Жаңа қызмет қала және ауыл халқының тыныс-тіршілігін, тұрмысын жете білуге мүмкіндік туғызып, көпшілікпен жұмыс істеу тәжірибесін береді. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау науқаны кезеңінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін сенім білдірілген тұлға болып тағайындалды. 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумды қолдау жөніндегі шатабты басқарды.
Сынаптай сырғыған уақыт алға басып, 2023 жылы Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланған Нияз Макраевқа зор жауапкершілік жүктелді. Жауапты қызметіне білек сыбана кіріскен ол қалалық мәслихат депутаттарының қызметін ұтымды ұйымдастырып, жаңа деңгейге көтере білді. Мәслихат төрағасының тікелей көмегімен қалалық Жастар мәслихатына сайлау ұйымдастырылып, «Халық Тұмар» мобильдік қосымшасы енгізілді. Биылғы жылы Нияз Құдайбергенұлы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Екібастұз қалалық коалициясын басқарып, оның басшылығымен іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Екі жоғары білімі бар азамат білімін одан әрі жетілдіруді ойлап, 2024 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқып, «Екібастұз қаласының тәжірибесінде тау-кен және энергетикалық кәсіпорындарды мемлекеттік реттеу» тақырыбындағы магистрлік жобасын сәтімен қорғады. Көмір қалдықтары мен электр станцияларының күлі құрамындағы сирек кездесетін жер металдарын игілікке жаратудың амал-тәсілдері қарастырылған бұл жоба 2025 жылдың үздік жобасы болып танылғанын айта кету де ләзім.
Қазіргі кезде қалалық мәслихат депутаттары Нияз Құдайбергенұлының талапшыл әрі принципшіл басшылығы арқасында біртұтас мықты командаға айналып отыр. Тәжірибелі аға буын халық қалаулылары Манат Алғамбаров, Мәриям Маликова, Татьяна Шмидт, Қанат Тұрлыбеков, Арман Амургалинов, Жетпісбай Жакупов, Жанат Ибраев, Лейла Қасыманова, Владимир Егер, Далида Сиваракша қоғамға пайдалы іс-әрекеттерін кейінгі буын: Арман Иманқұлов, Еркін Құсан, Әмір Тәкішев, Денис Черкашин және т.б. жаңашыл көзқарас, тың бастамаларымен толықтырып, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің қолдауына сүйеніп, қала бюджетін жасақтауда белсенділік көрсетіп, бөлінген қаржының толық игерілуіне, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына бақылау жасап келеді. Мәслихат жұмысының өнімді болуына аппарат басшысы Бибігүл Аманова мен аппарат қызметшілерінің де қосқан үлесі мол. Бұл іс-әрекеттің жемісін қалалықтар да, ауылдықтар да көркейіп, ажарлана түскен елді мекендердің келбетінен, тұрмыстың жақсаруынан байқай алады.
Сайлаушылар аманатына адал болу – депутат парызы. Осы орайда, Нияз Құдайбергенұлы №13 сайлау округіндегі өз сайлаушыларының талап-тілектерін орындаудағы табандылығымен үлгі болып жүр. Журналистік қызмет бабымен қалалық мәслихат төрағасының №31 шағынаудан және Оңтүстік қалашық тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесулерінде болғанын, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру сияқты мәселелердің шешілгеніне адамдардың алғыс жаудырғанын көзбен көрген едім.
– Біздің Екібастұз қаласы мен өңірінің әлеуеті зор, келешегі жарқын. Өнеркәсіп қарқынды дамып, жыл сайын жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Екібастұз қаласының моноқалалар қатарынан шығуы – осындай жарқын істердің нәтижесі. Біздің қаламыздың болашағына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зор мән беріп, сенім артып отыр. Деректер орталығын ашу, әуежай салу тәрізді ірі- ірі жобалар қолға алынады. Мұның бәрі, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Екібастұзды мақтан етіп, өзге жұртқа таныту ниеті туады. Осы орайда, еліміздің әр тарапынан 12 мәслихат төрағасын тәжірибе алмасу мақсатында қаламызды көруге шақырдық. Қонақтар Исабек ишан діни-тарихи кешенінде, «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында, МАЭС-1 станциясында болып, Екібастұздың өнеркәсіптік қала ғана емес, руханият пен мәдениеті бай шаһар екеніне көз жеткізе алады, – деп түйіндеді әңгімесін Нияз Құдайбергенұлы.
Ер азаматтың алаңсыз қызмет етуі үшін отбасы жайлы болуы керек. Осы тұста кейіпкеріміздің жары, бала-шағасы туралы сөз қозғай кетелік. Зайыбы Алмагүл Темірболатқызы – бухгалтер. Ерлі-зайыптылар екі перзенті Сымбат пен Наргизді мәпелеп өсіріп, жоғары білім алуына жағдай туғызып, дүниеге бір кірпіш болып қалануларына қамқор болып, қос жиен сүйіп отыр.
Тұлға болып қалыптасудың бұралаң жолынан сүрінбей өтіп, кеншіден қайраткер дәрежесіне көтеріле білген Нияз Құдайбергенұлының мұраты – тәуелсіз Қазақ Елінің тұғырлы болуына адал қызмет етіп, жас ұрпақ жадында сақтар із қалдыру.
Ж.Сәдуақас
КЕНШІДЕН КӨТЕРІЛГЕН ҚАЙРАТКЕР






