4 маусым күні Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин білім, ғылым, спорт және өнер салаларында жоғары жетістіктерге жетіп, өңір намысын халықаралық және республикалық деңгейде абыроймен қорғап жүрген дарынды оқушылармен кездесті.
«Савой» мейрамханасында өткен кездесу бейресми форматта ұйымдастырылды. Басқосуда қала басшысы республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы, информатика пәнінен үздік нәтиже көрсеткен Даниял Нұрымжанның Екібастұз мектептеріндегі дарынды оқушылар туралы әзірлеген жобасымен танысты.
Кездесуге 92 дарынды оқушы қатысты. Олар – халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі пән олимпиадаларының, ғылыми жоба байқауларының, спорттық жарыстар мен шығармашылық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Биылғы оқу жылында екібастұздық оқушылар халықаралық жарыстарда 13 жүлдеге ие болса, республикалық деңгейде 95 оқушы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, облыстық кезеңдерде 388 оқушы үздіктер қатарынан көрінді.
Кездесу барысында қала әкімі Мемлекет басшысының жастарға сапалы білім беру мен олардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Білім мен ғылым жолында табысқа жетіп, Екібастұз өңірінің мерейін үстем етіп жүрген оқушыларымызды шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы жастарды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі жарқын болашағының кепілі деп бағалайды. Сіздер өз жетістіктеріңіз арқылы осы сенімді ақтап келесіздер. Биылғы оқу жылы өңіріміз үшін нәтижелі болды. Облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендеріңіз – жүйелі еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да білімге деген құштарлықтарыңыз артып, жаңа белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, – деді Аян Уахитұлы.
Шара барысында халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсеткен бірқатар оқушы марапатталды. Атап айтқанда, Дубай және Ташкент қалаларында өткен халықаралық чемпионаттардың жүлдегерлері атанған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің «ROBOTEK» командасының мүшелері Айша Сансызбай, Нұрасыл Құрман, Ерасыл Ахтаев, Дастан Азамат, Тимур Жұмашев, Ақбота Өмірбекқызы және Бақтияр Мырзаахмет, сондай-ақ, республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы Даниял Нұрымжан және өзге де талантты шәкірттер қала әкімінің алғыс хаттары мен қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар қала басшысына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Жастар қала әкімінің бала күнгі армандары, қазіргі мақсаттары, жастардан күтетін бастамалары, сондай-ақ, жетістікке жетудегі еңбек пен тәртіптің маңызы туралы әңгіме өрбітті.
Шарада Естай атындағы балалар музыка мектебінің шәкірттері өнер көрсетіп, жиынның көркін аша түсті. Республикалық «Жас музыканттар» байқауында үздік атанған хор ұжымы «Тау ішінде» және «Somebody» әндерін орындады. Сондай-ақ, аталған байқаудың жеңімпазы Нұрасыл Смақаев аккордеонда Моцарттың әйгілі «Түрік маршын» шебер орындаса, «Отанның әні» республикалық байқауының лауреаты Алиана Асенова «Құтты ұям» әнін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кездесу соңында оқушылар «Атамекен» әнін бірге шырқап, естелік суретке түсті.
Ділназ Серікбай







