Отыз екі жасында Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне Алтын Жұлдызды жарқыратып таққан әйгілі азамат – Бөкен Қызғарин 5 маусымда 85 жасқа толды.
Дәл сол күні «Елтау» мейрамханасында батырдың құрметіне ақ дастархан жайылып, қошемет көрсетілді. Әуелі Екібастұз қалалық телеарнасы түсірген «Адал еңбектің асуы» деректі фильмі жиналған қауымның назарына ұсынылып, қонақтар Бөкен ақсақалдың «Ақкөл» кеңшарының №2 фермасы – Зеленая роща ауылындағы шопандық еңбек жолынан, Өлеңті ауылдық кеңесінің төрағасы, жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы лауазымында атқарған қызметінен хабардар болды.
Жалпы, Бөкен Қызғариннің марапат-атақтарын айтар болсақ, екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарын иеленіп, «Ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер» атағы беріліп, есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған. 2001 жылы Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, 2017 жылы Павлодар облысының Құрметті азаматы атанып, абыройға бөленді. Әрине, тау тұлғалы осындай азамат 85 жасқа толғанда шексіз құрмет көрсету әбден орынды. Осыны ойлаған Екібастұз қаласының атқарушы және өкілетті билігі сөз болып отырған тойды ұйымдастырды.
Мерейтойда сөз алған Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Бөкен Қызғаринді облыс әкімі Асайын Байхановтың, өз атынан құттықтап, ақсақалға игі тілектерін жеткізіп, құттықтау хаттарын табыс етіп, үстіне бағалы шапан кигізді. Содан соң Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев мерейтой иесіне естелік сыйлықтар ұсынды.
Бөкен қарияның замандастары да той қонақтары болып, ақ тілектерін ақтарды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев құттықтау хатын тапсырып, шапан кигізсе, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов «Бауыржан Момышұлы» естелік медалін табыс етті.
Екібастұз қалалық сотының судьясы Рауан Бейілғожин мерейтой иесін ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Асланбек Мерғалиевтің атынан құттықтап, сый-сияпат жасады. Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, жазушы Серік Елікбай, Қазақстан журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, тележурналист Болат Аманбай Бөкен ақсақалға ыстық ықыластарын білдіріп, қазақ дәстүрімен жылқы атады.
Бөкен ағамен «Өлеңті» кеңшарында бірге қызмет істеп, қалаға көшіп келгенінде үй сатып әперген ауылдас-азамат Манат Алғамбаров та жылы лебізін жеткізіп, ат мінгізді. Сонымен қатар, мерейтой иесіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаевтың құттықтау хаты табыс етіліп, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі тапсырылды.
Дастархан үстінде Бөкен ақсақалдың замандастары Әди Әлкебаев, Жеңіс Мейірман, Қабдылсәмет Зайырбаев, Аманай Балабеков және т.б. көңілге жылы тиген естеліктер айтып, әншілер ән шырқап, тойдың шырайын кіргізді.
Әдеттегідей соңынан мерейтой иесі Бөкен Қызғарин өзін құрметтеп, әспеттеген қала басшы-
лығына, тойды ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Мырзағали Ерғалиев, Орынбасар Әлеев сияқты азаматтарға, жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.
Адал еңбек мұратқа жеткізеді емес пе, Бөкен Қызғариннің шыққан биігі, кісілік қасиеттері кейінгі буынға үлгі-өнеге болары анық.
Ж.Жәлелұлы








