8 маусым күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Екібастұз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Әсем Мұсатирова көппәтерлі тұрғын үйлердегі жеделсатыларды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Спикердің мәліметінше, бүгінде қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерде 331 жолаушылар лифтісі пайдаланылуда. Оларға «Экибастузлифт», «Экибастузлифтстрой», «Экибастузлифтсервис» және «Павлодар Лифт Ремонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері техникалық қызмет көрсетеді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту және азаматтардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағдарламаның шеңберінде 2021–2025 жылдар аралығында қаламыздағы тозығы жеткен 13 жолаушылар лифтісі толықтай жаңасына ауыстырылған.
Сонымен қатар тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жоспарлы бақылау-тексеру жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылдың сәуірі мен 2025 жылдың наурызы аралығында көппәтерлі 11 тұрғын үйдегі жеделсатыларға 17 өнеркәсіптік сараптама жүргізілген. Сараптама барысында лифт жабдықтарының техникалық жай-күйі жан-жақты бағаланып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілген.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 13 жолаушылар лифтісін жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Әуезов, 49/5, 59 және 79, Абай, 70, Сәтбаев, 12/2, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп, 82 және 84 мекенжайларындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жеделсатылары кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары мен құқықтық тетіктерін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Осы уақытқа дейін ведомство тарапынан тұрғындармен 260 кездесу ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде 50-ден астам ақпараттық материал жарияланған.
Брифинг барысында көппәтерлі тұрғын үй иелерінің лифтілерді ауыстыру бойынша мемлекеттік жаңғырту бағдарламасына қайтарымды негізде қатысу мүмкіндігі бар екені де атап өтілді. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар жалпы меншік иелерінің кемінде үштен екісі қолдаған жиналыс хаттамасын ұсынуы қажет. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында лицензиясы мен аккредитациясы бар мамандандырылған ұйым жүргізген техникалық тексеру қорытындысы талап етіледі.
Бағдарламаға қатысу шарттары мен қажетті құжаттар жөніндегі толық ақпаратты Энергетиктер көшесі, 62 мекенжайындағы 319-кабинеттен алуға болады.
Ділназ Серікбай






