4 маусым күні «Қайнар» ББК залында «AMANAT» партиясының «Тұрғындар аманаты» партиялық жобасы шеңберінде көпқабатты үйлерді басқару ұйымдары өкілдерінің әділет органдары, нотариус қызметкерлерімен кездесуі өтті. Кездесуге көпқабатты үйлерді басқару органдары тарапынан туындаған сұрақтар түрткі болған.
2020 жылғы 7 қаңтарда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енгені мәлім. Бұл заң осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын тоқтатып, олардың орнына Қарапайым серіктестіктер мен Мүлік иелері бірлестіктерін құру жолымен үйді өздігінен басқару мүмкіндігін тұрғындарға беруді көздеген еді. МИБ-тер мен қарапайым серіктестіктерді құру уақыты алдымен 2021 жылға белгіленіп, кейін 2023 жылға дейін ұзартылған-ды. Ал қолданыстағы заңнамаларға былтырғы жылы енген өзгерістер тағы бірталай дүниені өзгертті.
2025 жылғы 15 шілдеде жарық көрген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң осы заңнама қолданысқа енген уақытқа дейін тіркеліп, жұмыс істеп келген пәтер иелері кооперативтерін, пәтер және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің тұтыну кооперативтерін Заңның алғаш ресми жарық көрген күнінен кейінгі бір жыл ішінде қайта тіркеуден өтуге міндеттейді. Демек, биылғы жылдың 16 шілдесіне дейін еліміздегі барлық ПИК-тер қайта тіркеліп үлгеруге тиіс.
Бірақ қаламыздағы ПИК-тердің қайта тіркеуден өтуді бір жыл бойы созып келе жатқанына қарағанда, бұл өзгеріске ПИК-тер дайын емес сияқты: бұған себептер де жоқ емес. ПИК басшылары тіркеу кезінде әділет органдарымен арада қиыншылықтар туындағанын жасырмады. Мәселен, заңнамаға сәйкес тіркеуден қайта өтетін ПИК халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішке қоса 0,5 АЕК мөлшеріндегі тіркеу төлемінің түбіртегін, пәтер иелерінің қатысуымен өткен жиынның хаттамасын ұсынуға тиіс екен. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының кей қызметкерлері осы құжаттарға қоса тұрғындармен жүргізілген сауалнаманы сұрағанға ұқсайды. Ал кей қызметкерлер, керісінше, ұсынған ПИК иелерінен бұл сауалнаманы қабылдамаған.
Диалогтан ұққанымыз – әділет органдары көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына қатысты кейбір рәсімдерге толық дайын емес. Мәселен, «Мұстафина» ЖК иесі Сара Мұстафина әділет органына Мәшһүр Жүсіп, 31, Царев, 2, Царев, 6 мекенжайлары құжаттарын өткізе алмай жүргеніне шағымданды. Сара Кеңесбайқызының айтуынша, қызметкерлер: «Бағдарлама дұрыс жұмыс істемейді», – деп, БТИ-ге сілтеген, бірақ БТИ-де бұл құжатты нақты кім қабылдайтынын да ешкім білмейтін көрінеді. Бұл орайда ПИК иелері тіркеу үдерісінің «бір терезе» қағидатын аяқасты етіп, жұртты әбден әбігерлегеніне наразы.
Бүгінгі таңда пәтер иелері кооперативтері мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері өздігінен басқару формасы ретіндегі мәртебесін жойды, енді олар бірнеше үйге қызмет көрсетуге арналған шаруашылық құрылым саналып, кондоминиум нысанының басқару субъектілері болып табылады.
Кондоминиум нысанын басқарудың «қарапайым серіктестік» формасы алынып тасталып, тек екі формасы: «мүлік иелері бірлестігі» (МИБ) мен пәтер саны мен тұрғын емес үй-жайлары саны 36-дан кем болса, басқару субъектісін кірістірмейтін «тікелей бірлесіп басқару» ғана қалды. Атап өтерлік жайт, тікелей бірлесіп басқару формасы өз қызметін заңды тұлға ретінде ресімделместен жүзеге асыра береді, ал мүлік иелері бірлестігі міндетті түрде әділет органдарында тіркелуге тиіс.
Егер қазір жұмыс істеп тұрған ПИК-тер мен тұтынушы кооперативтері 2026 жылғы 16 шілдеге дейін қайта тіркеуден өтіп үлгермесе, олар тұрғын үй инспекциясының өтініші бойынша шығарылған сот актілері негізінде мәжбүрлі түрде жойылатын болады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №403 бұйрығымен пәтер (тұрғын емес үй-жайлар) иелері кооперативтерінің үлгілік жаңа Жарғысы бекітілді. Десе де Жарғы үлгілік болғандықтан, қайта тіркеу кезінде талап етілетін құжаттар тізімінде жоқ.
ПИК-тер тарапынан туындаған тағы бір сұрақ нотариустер қызметіне қатысты болды. Олардың айтуынша, нотариустер сату-сатып алу келісімшартын ресімдегенде коммуналдық төлем түбіртектерін тексермей, екі тараптың ауызша уәж-келісіміне сүйенетін көрінеді. Осылайша ПИК-ке талай жыл қарызын төлемеген адамдар шекара асып жайбарақат кетіп жатқан жайы бар. Ал пәтердің жаңа иесі коммуналдық төлемді баспана өз атына ресімделген күннен бастап қана төлеуге міндетті. Нотариустар түбіртек тексеру заңмен бекітілмегенін алға тартқанымен, әңгіме барысында пәтерді сатушылардан төлем түбіртегін талап ететін де нотариустар бары белгілі болды. Әсілі, соған қарағанда, қоғамымызда үнемі заңды желеу етпей, кісілік қағидаттарына да сүйеніп жұмыс істейтін аса талапшыл заңгерлер де табылса керек.
Жиында аталған мәселелерге қатысты «AMANAT» партиясының өкілдері тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, жазбаша түсініктеме сұрайтын болып ұйғарды.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
ПИК-ТЕР ҚАЙТА ТІРКЕЛМЕК






