Жұрттың көңілінен шыққан жақсы жобалардың дәстүрге айналатыны белгілі. Былтырғы жылы жазда қаламызда тұңғыш рет өткізілген EKIBASTUZ HALF MARATHON өзінің өміршеңдігін көрсетіп, биыл жалғасын тапты. RWS RUN жартылай марафоны жобасының идеялық дем берушісі әрі ұйымдастырушысы – Railways Systems KZ теміржол холдингі. Салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жоба, сонымен қатар, заманауи әрі белсенді қала – Екібастұздың тартымдылығын тіптен арттыра түсуді мақсат еткен. Жартылай марафон, расында да, тамаша атмосфера туғызып, екібастұздықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
7 маусым күні ертелетіп «Қазақстан» алаңына жиналған кәсіби және әуесқой спортшылар саз ырғағымен бой жазу жаттығуларын жасап, алдағы жарысқа дайындыққа кірісті. Олардың ішінде екібастұздықтар да көп болды. Солардың бірі – медколледж қызметкері Диас Ақжүнісовті әңгімеге тартып, сәттілік тіледік.
Айтпақшы, мерекелік сән-салтанаты сезіліп тұрған шатырларда спорттық жейделер, сыйкәделер, салқындататын сусындар сатылып жатты. Ал ұйымдастырушылар мен волонтерлар өз міндеттеріне кірісті. Сөйтіп 21,1 километр қашықтыққа жүгіретін спортшылар сөреде сапқа тізіліп, төрешілер белгі берісімен алға лап қойды. Әйтеуір бұл кезде аспан ала бұлтты болып, күн әлі ысып кетпеген еді. Енді осы тұста сәл шегініс жасасақ, былтырғы жартылай марафонда ерлер арасындағы чемпионның көрсеткіші 1 сағат 12 минут 8 секунд екен. Ал әйелдер арасында чемпион қашықтықты 1 сағат 23 минут 14 секундта жүгіріп өтіпті. Осы көрсеткіштерді жадында ұстаған кәсіби спортшы жігіттер мен қыздар, әрине, рекордты жаңалауды ойлады.
Айтпақшы, 21,1 километр жартылай марафон екі айналым болды. Бірінші айналымда ерлер ішінен Ернұр Бексұлтан мен Ислам Аманқос суырылып алға шықты. Ұзақ қашықтыққа жүгірушілер екінші айналымға кеткенде, олардан сәл кейін жарыс жолына шыққан 10 километрге жүгірушілер мәреге таяп қалған-ды. Аталмыш қашықтықты бірінші болып Руслан Әбішев бағындырды.
– Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Қойтас ауылының тумасымын. Аға сержант шеніндегі әскери қызметшімін. Отыз тоғыз жастамын, – деп алқынып тұрып сұхбат берген ол жарыстың жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
Осы қашықтықта Абай Жанәлиев мәре сызығын екінші, Дастан Жұмаділов үшінші болып қиды.
Әйелдер арасында да бәсекелестік күшті болып, 42 минут 5 секунд көрсеткішпен Светлана Алдарбаева жеңімпаз атанды. Бір ғажабы, Светлананың күйеуі – Қайырхан Алдарбаев қосағымен бірге жүгіріп, қолдау көрсетіпті. Ерлі-зайыптылар Күршімнен екен.
– №3 гимназия мектебінде география пәнінен сабақ беремін. Жарысқа бапкерім Бауыржан Дәулетбаев дайындады, – деп таза қазақша сөйлеген Светлана мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қазақ тілі мұғалімі Фарида Махмұтқызының еңбегі екенін ризашылықпен айтып өтті.
Сөз болып отырған қашықтықта 18-39 жастағылар арасында екінші орынды Алина Бондарева, үшінші орынды Эльмира Қабдығалиева иеленді.
Көп ұзамай жартылай марафонның үздіктері де көз ұшында көрінді. Көше қапталында тізіліп тұрған екібастұздықтардың қошемет көрсетуімен мәреге бірінші болып Ислам Аманқос жетті.
– Алматының тұрғынымын, Ақтөбенің тумасымын. Жүгіруден спорт шеберімін. 42 километрлік Қазан, Ташкент марафондарында жүлдегер болдым. Самарқанд марафонының чемпионымын. Жүгірумен он бес жылдан бері шұғылданамын, – деген Ислам Аманқос жеңіл атлетика бапкері екен.
Айтпақшы, Ислам Аманқос 21,1 километр дистанцияны 1 сағат 9 минут 49 секундта жүгіріп өтіп, EKIBASTUZ HALF MARATHON-ның жаңа рекордын орнатты. Екінші орынды Ернұр Бексұлтан, үшінші орынды Рустам Бекмұратов еншіледі.
Біраздан соң элиталық топқа енген әйел спортшылар да мәреге таяды. Алайда оларды басып озған Ксения Канапенко топ жарды. Өкінішке қарай, төрешілер жаңсақтық жіберіп, марапаттау рәсімінде чемпион деп Лилия Андреева жарияланды. Шын мәнінде ол екінші келген еді. Әйтсе де жобаны ұйымдастырушылар соңынан кешірім сұрап, Ксения Канапенкоға 300 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен ресми түрде 21,1 қашықтықта Лилия Андареева бірінші, Айгүл Аржаникова екінші, Жанна Коротовская үшінші орын алды.
Айтпақшы, марапаттау кезінде жүрек елжіреткен сәттің куәсі болдық. Жартылай марафонда екінші жүлдеге қол жеткізген Айгүл Аржаникова өзінің 200 мың теңге мөлшеріндегі жүлдесін осы қашықтықты әкесінің көмегімен қоларбада өткен Арсен Бисекеевке табыс етті.
Ең көп қатысушылар 5 километр қашықтыққа тіркелген болатын. Олар жүгірген кезде күн көкжиектен арқан бойы көтеріліп, аптап ыстық басталып, шекені қыздырды. Сол себепті жүгірушілерге жеңіл болмады. Қайта, жүгіру маршрутында салқын сусын ұсынылып, атлеттер үстінен су бүркіліп, жағдай жасалды. Осы қашықтықта өзін қала әкімі Аян Бейсекин, ұйымдастыру бөлімінің басшысы Абылай Оспанбеков, қалалық мәслихат депутаты Еркін Құсан және т.б. сынады. Марафоннан бір күн бұрын өткізілген брифингте қала басшысы Аян Уахитұлы:
– Бүгінде «Еkibastuz Half Marathon RWS RUN» жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – әр түрлі буын өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын, спорттық мәдениетті дамытатын және Екібастұздың беделін республика көлемінде әрі халықаралық деңгейде нығайтуға ықпал ететін ауқымды жоба, – деп баға берген-ді.
Бес километр қашықтықты жүгіріп өткендер ішінен «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко мен ұлын да көрдік.
5 километр қашықтықта әйелдер арасында Анастасия Некрытая, ерлер арасында Иван Мертинс жеңімпаз болды. Сонымен қатар, биыл алғаш рет балалар 1000 метрге жүгіріп, оған «Кенгуру» сауда үйі демеушілік етті. Негізі, марафонның бас серіктесі «Банк Центр Кредит» АҚ болғанын айта кету ләзім.
Енді марафонды қорытындылайтын болсақ, оған Қазақстан мен ТМД елдерінің 29 қаласынан 1150 адам қатысты. 21,1 километр қашықтықта жүлдегерлер 5 түрлі жас санатында, 10 километр қашықтықта 2 жас санатында анықталды.
Жартылай марафондағы ең егде қатысушы Мүбарак Балтабай биыл 75 жасқа толады екен.
– Алматыда тұрамын. Бұрынғы авиаинженермін. Жетпіс жасымда жүгіруді машық еттім. Биыл сәуір айында Алматы қаласында жасы жетпістен асқандар санатында жеңімпаз атандым. Өзім Екібастұзға бажамның тойына қонаққа келген едім, жарысқа қатысуды ұйғардым, – деді Мүбарак қария.
Тарамыс қарияның қажырына тәнті болып тұрып, жүгірудің жасқа қарамайтынын ұғындық.
Еkibastuz Half Marathon жарысын ұйымдастырушылар да жобаны қолға алғанда осыны ойлаған-ау.
Ж.Сәдуақас









