4 маусым күні №24 гимназия-мектебінде «Бірлік лигасы» атты ауқымды құқықтық квест ұйымдастырылды. Танымдық әрі тәжірибелік бағыттағы шара Екібастұз қаласының білім бөлімі, прокуратура және полиция басқармасының бірлесуімен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен «Айқын нәтиже» республикалық жобасы аясында өтті.
Іс-шараның ашылу салтанаты интерактивті форматта өтті. Оқушылар арнайы әзірленген құқықтық маршрут бойынша бірнеше алаңды аралап, түрлі тапсырмаларды орындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – оқушылардың ғылыми, шығармашылық, спорттық және командалық белсенділігін арттыру. Сонымен қатар балалардың интеллектуалдық, рухани-адамгершілік, патриоттық және технологиялық әлеуетін дамыту.
Шара аясында көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі берілген жаңа кабинеттің салтанатты ашылуы өтті. Одан кейін «Ұлы дала ғылымы: Satbayev Generation» ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, ғылымға қызығушылық танытқан оқушылар өздерінің зерттеу жобаларын қорғап, ғылыми жұмыстарын таныстырды.
Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі «Бірлік сақшылары» квест-ойыны болды. Бұл алаңда қатысушылар құқықтық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, түрлі тапсырмаларды орындады. Командалар ұйымшылдық пен тапқырлық танытып, лудоманияның, буллингтің, вандализмнің, есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлықтың алдын алу тақырыптарына арналған логикалық, интеллектуалдық және спорттық сынақтардан өтті.
Технология саласына қызығушылық танытқан оқушылар үшін «Қауіпсіз кибер әлем» STEM алаңы жұмыс істеді. Мұнда жас өнертапқыштар өздерінің цифрлық жобалары мен әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынып, интернет қауіпсіздігі мен кибергигиена мәселелері туралы ой бөлісті. Спорттық бағыттағы «Бірлік пен күш» турнирі де тартысты өтті. Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарда оқушылар күш-қуаты мен ептіліктерін сынады. Сонымен қатар «Сұрмерген» мергендер байқауы мен лазерлік тир қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Мектептің бір алаңында «Құқық бір сәтте» құқықтық дебаты өткізіліп, оқушылар заң талаптары мен азаматтық жауапкершілік мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Ал екінші алаңда ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Ұлттық киелі қорғаныс бойтұмары» шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық бұйымдарды жасады.
Сонымен қатар, мектеп психологтары оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін дамытуға, өзара түсіністік пен командалық жұмысты нығайтуға бағытталған тренингтер өткізді.
Шара барысында Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, заңды құрметтеу мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің мәнін атап өтті.
Шара соңында жобаның символы – құқықтық тәртіп пен жауапкершілікті білдіретін қалқан келесі мектепке табысталды. Сондай-ақ, үздік командалар мен белсенді қатысушылар дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.
Ділназ Серікбай









