Екібастұз өңірінің ауылдық елді мекендерінде спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылыс бөлімінің маманы Серік Аушакимов баяндады.
Спикердің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде Бәйет және Қоянды ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
Бәйет және Қоянды ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын «Промжилстройкомплекс» ЖШС жүзеге асыруда. Әр жобаның құны 516 миллион теңгеден асады. Бір қабатты ғимараттардың жалпы аумағы 816,5 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, аумақтарды абаттандыру және жиектастар орнату жұмыстары атқарылуда.
Екі кешен де типтік жоба негізінде салынуда. Ғимараттар спорттық және қосалқы-тұрмыстық блоктардан тұрады. Жобаға сәйкес мұнда келушілерге арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, санитарлық тораптар, жаттықтырушы кабинеті, медициналық пункт, шаруашылық бөлмелері және үстел теннисіне арналған арнайы аймақ қарастырылған.
Сонымен қатар нысандардың аумағын жарықтандыру, қоршау және кешенді абаттандыру жұмыстары көзделген. Ғимараттар шаруашылық-ауызсу және өртке қарсы су құбыры жүйелерімен, ыстық сумен жабдықтау және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі. Жылумен жабдықтау қатты отынмен жұмыс істейтін модульдік қазандық арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ спорт залдары ауаны шаңнан тазартатын сүзгілермен жабдықталған желдету жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
Брифинг барысында ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді. Қазіргі таңда Ақкөл және Бозшакөл ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға арналған жобалар әзірленген. Аталған нысандардың құрылысы 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Ділназ Серікбай






