Жүздеген қабілетті өренді баулып, өнер көгіне ұшырған «Өнер» қалалық мәдениет сарайы 29 мамырда өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Сол күні мәдениет ордасын бетке алған қауым фойедегі фотокөрмені тамашалап, өнерпаз ұжымдардың жетістіктеріне көз жүгіртті. Осыдан кейін көрермен назарына мерейтойлық концерт ұсынылды.
Мерейтой иесі – «Өнер» қалалық мәдениет сарайының ұжымын қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева атаулы датамен құттықтап, шығармашылық табыс тілеген соң, сахнаға қала әкімінің атынан ықылас гүл шоғы шығарылды.
Өнер сүйген қауымның ықыласына бөленіп үлгерген «Ертіс-Баян» театрының әртістері өнер көрсетіп, көрермен LED экраннан «Өнер» мәдениет сарайының тасрихына үңілді. Бір ғажабы, мәдениет ошағының құрылысы бейнеленген деректі фильм сақталған екен. Сонау 1977 жылы іргетасы құйылған ғимарат құрылысы 1985 жылы қараша айында аяқталып, 1986 жылдың басында пайдалануға беріліпті. Құрылысты «Энергострой» тресі жүргізген екен. Фильмде көрермен залын әрлеудің қарбалас шағы, сол кездегі Екібастұз қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Масғұт Дүйсембаевтың лездеме өткізген сәті бейнеленген. Құрылысшылар арасынан «Өнер» мәдениет сарайының тұңғыш директоры Шамғон Мусиннің аяулы бейнесі де жарқ ете қалды. Көп жылдар бойы осы өнер ордасын басқарып, көркемөнерпаздар ұжымдарының санын 74-ке жеткізген Шамғон ақсақалдың ерен еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болғаны да баяндалды. Дария кеуде қарияның «Өнер» мәдениет сарайындағы қызметі, әріптестері жайлы бірнеше кітап жазып қалдырғанын да айта кету ләзім.
«Жалғыз ағаш орман емес» демекші, мәдениет сарайындағы өнер ұжымдарының шығармашылық табыстарға жетуіне еңбек сіңірген аға буын өкілдері көп. Мерейтойлық концертте қадірменді ардагерлерге құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар ұсынылды.
Жиналған қауым кеш қонағы – белгілі эстрада әншісі Бауыржан Исаевтың әндерін тыңдап, «Жайқоңыр», «Тұмар», «Қамажай» ансамбльдерінің, «Бойтұмар» жастар театрының өнерін тамашалап, «Нұр-шашу», «Джуманджи», «Серпантин», «Нәзік» би ансамбльдерінің әдемі билерінен рухани ләззат алды.
Ж.Бұланбай




