Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Ерсін Азаматов құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қала аумағында профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғын үйлерді аралау мен халықпен кездесулер тұрақты жүргізіледі. Негізгі назар қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жолын кесуге, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмауға, алаяқтық әрекет-
термен күресуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылуда.
Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында учаскелік инспекторлардың есеп беру кездесулері, азаматтарды жеке қабылдау шаралары және шағынаудандар мен ауылдық округтердегі жиындар өткізіліп келеді. Кездесулер барысында тұрғындарға заңнама талаптары түсіндіріліп, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі жөнінде ақпарат беріледі.
Қаладағы криминогендік жағдайды тұрақтандыру үшін полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Құқық бұзушылық жиі тіркелетін аумақтарда профилактикалық шаралар күшейтіліп, кешкі және түнгі уақытта патрульдеу қызметі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен түсіндіру және бақылау жұмыстары жалғасуда.
Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және тұрғындардың өзара сенімі мен бірлескен іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асады.
Ділназ Серікбай



