Биылғы Құрбан айтта жұртшылықтың бар әңгімесі қой бағасы туралы болды. Себебі коронавирус індетінен бері біртіндеп қымбаттап, бертін жылқы етінің құнынан асып түскен Шопан ата түлігі биыл «рекордтық» баға – 200 мың теңгеге жетті. Бұл – алыстағы Алматы, Астана емес, өзіміздің Екібастұзда болған жайт. Ал енді осы 200 мың теңгеге аз ғана ақша қосып жіберсең, бір жабағының пұлы шығады.
Иә, Ханафи мәзһабында құрбан шалу нисап мөлшерінде жағдайы бар мұсылманға уәжіп, яғни, міндет етілген. Ал нисап мөлшері – 85 грамм алтынның құны. Ал мұндай дүниесі жоқ адамға міндет емес, бірақ шаламын десе, сауабы бұйырмақ.
Екібастұзда қой бағасы әр түрлі болды: 100 мың, 120-140 мың теңге және одан жоғары. Бұл дегеніміз – көптеген қарапайым адамның бір айлық жалақысы. Бір айлық жалақысын Алланың ризашылығын алам деп салмағы 20 килограмға жететіні бар, жетпейтіні бар – бір қойға жұмсап қойып, ешкім бала-шағасын аш отырғызып қоймасы хақ.
Жалпы, қазір қарапайым халықтың дінге көзқарасы жақсы. Жастардың арасында имандылыққа бет бұрушылар көбейген. Бірақ осындайда қоғамның дінге көзқарасымен қой бағасының қатар өсетіні қызық.
Саудагер атаулыдан ынсап кетіп, қанағат әбден жойылып бітті. Биыл ғана емес, баяғыда. Ет сатушы саудагерлердің бойын Құдайды алдап қарпып қалу ниеті құрсаулап тастағалы қай заман!
Құрбан айт қарсаңында ауыл-аймақта тұратын біраз адамға хабарласып көрдім. Дінге бір табан жақын дегендерінің өзі: «Қойымыз 120 мың теңге. Мүфтият өзі бекіткен баға», – деді нықтап. Әншейіндегі қайырымдылық, адамгершілік жайлы уағыз, насихаттары жайына қалған. «Мүфтияттің өзі өстіп тұрса, бізге не жорық?» дегендей сыңайда. Ешкімнің де өз қойын Алла разылығы үшін арзанға бергісі жоқ. Оларды, бір жағынан, саудагерлер бекіткен баға да іштей қажап барады. «Қалада олар сатып пайда тапқанда, біз неге олжадан қағылуымыз керек?» деген ой ешкімді айналып өтпегені анық.
Бір қызығы, бір қойды жабағының жарты бағасына сату тақырыбы діндарлардың қаперіне кіріп-шығар түрі жоқ. Әншейінде елді тозақпен қорқытып шыға келетін молда атаулының бірде-біреуі қойнынан хадисті алып шығып: «Қойыңдар, ей, қарапайым халықтың құрбан шалып сауап алуына мүмкіндік жасаңдар, қойды шектен тыс қымбаттату – өздеріңе күнә», – деуге жарамады ғой. Жарамағаныңыз не, жоғарыда аталған «мүфтият бекіткен» деген сөздің төркініне үңіліп көрсек, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы биыл онлайн құрбандық шалуға қашықтан тапсырыс беру ақысын жариялап, қойдың бағасын 125 мың теңге, сиырдың бағасын 875 мың теңге деп бекітіп тастапты. Павлодар облысында мешіттерге онлайн тапсырыс беріп құрбан шалу бағасы мынадай болды: қой – 120 мың, сиыр – 770 мың теңге. Ал енді «Қой бағасы салмағына қарай 70 мың теңге мен 100 мың теңгенің шегінен аспасын!» дейтін осы мүфтият пен оның қоластындағы мешіттердің жөні еді ғой. Солардан асып саудагерлер қайда баратын еді!? «Жалмауызға да жан керек» демекші, саудагерлердің де бір уақыт сауап пен күнә хақында ойланары анық қой. Ең болмаса, әр адам қайта-қайта: «Мүфтият бекіткен бағадан асырған сен күнәһар екенсің!» – деп бетіне басар болса, өз әрекеті төңірегінде бір ойланбауы мүмкін емес қой?
… Кезінде ауылдың әр үйінде құрбан шалынып, көрші-қолаң бір табақтан дәм тататын. Бір қойдың еті сол қонақтан артылмайтын да. Бір дастархан басына жиылу ауызбіршілікті арттырып, ауыл адамдарын жақындата түсетін. Ет мүше-мүшемен тартылып, дәстүр дәріптелетін.
Негізі құрбан айт – қайырым, мейірім мерекесі. Бұл кезде, реті келсе, мұқтаж жандарды тойдырып, қолұшын беру абзал. Дініміз құрбан малының етін үшке бөлу керегін айтады. Бірі – отбасыңа, екіншісі – бай болса да көрші-қолаңға, үшіншісі – мұқтаж жандарға. Толығымен өз отбасыңа арнауға да рұқсат.
Қазіргі күні көптеген адамдар құрбандық шалса, тек қана қонақ шақырады: әншейін таныс-туыстарды. Құран оқытады. Бірақ бай байды шақырады, мұқтаждарды тамақтандыру сирек шығар. Бәлкім, өз туғаныңның, бауырларыңның арасында үйінде еті жоқтар да бар шығар: бұл жайтқа да үңілетіндер сирек. Үйін, сән-салтанатын көрсетуге әуес әсіре мақтангөйлер көп. Өз туыс, бауырын іздемейтін сондайлардың шалған құрбанынан не қайыр, не сауап?! Осылайша, қазіргі Құрбан айт, Ораза айт, ауызашар шаралары дарақылықтың, ынсапсыздықтың көрінісіне айналып бара жатқаны – бөлек әңгіме.
Қотанында қой өргізген ауыл қазағы үшін құрбан шалу қиындық тудырмас. Алайда сауап алмақты ниет еткен қала қазағын биылғы қымбатшылық абдыратып тастады.
Құрбан айттың үшінші күнінде Энергетиктер көшесінде орналасқан қой базарына жолым түсті. «Торайғырдан келдім», – деген ағай қойын 110 мыңға бағалап тұр екен. Жанындағы жігіт «100 мың», – дейді. Атығайдан келген келіншек 90 мыңға сатып тұрған қойын 80 мыңға берді. Әлеңкідей жаланған қасапшының қызметі 5000 теңге екен, негізі бұл қызметке бастапқы күні бас-сирақты үйіту ақысы да кіріпті. Бірақ бас үйіту бағасы бұл күні 2000 теңгеге жеке бағаланып, ақыны қызметті атқарған 10-11 жас шамасындағы балақай алды. Ал енді 90 мың теңгеге сатылып жатқан – қой деген аты болмаса, кішкентай ғана бірдеңе.
Ал жарайды, қой сойылды. Еті үш үйге бөлінді. Ниет қабыл болсын! Бірақ биылғы Құрбан айт адамдар арасында ашкөздіктің індетше етек алып, рақым мен қанағаттың азайып бара жатқанын дәлелдей түскендей ме, қалай? Қойдың жас етіне қолы жетпеген жұқа отбасылардың балалары «Құдайдың әділдігі қайда?» – деп іштей таңғалған болар?
Бақсақ, жанында дұғаңды өзің оқымай-ақ, құрбан шалуға болады екен: бұл – мүфти, діншілдердің соңғы жылдары ойлап тапқаны. Ал енді өзіміз танымайтын әлдебір адамға жолдаған құрбандығымызды одан да неге ақша күйінде бірнеше мұқтаж отбасының балаларына бөліп бермеске? Есесіне қойдың да құны мұншама аспандамас еді. Әрі бірнеше бала бұл қаражатқа сөмке, дәптер, қалам сатып алып, азбас азық – білімін алар еді. Азық-түлік сатып алып жесе де, өз еркі.
«Ет сасыса, тұз себеді. Тұз сасыса, не себеді?» демекші, халықты жағадан алған қымбатшылықтың айғайына мүфтияттің сүрең қосып қоштағаны жарасымсыз. Елімізде төменгі жалақы 85 000 болып тұрғанда, мүфтияттің қой бағасын 125 мың теңге деп айқындап тұрып белгілеп, діннің сауабын тек байларға қарай бейімдеуі ақылға қонымсыз. Және саудагерлердің ғана емес, қойы бар азаматтардың да пейілін бұзып, ындынын құртқан – осы жайт.
«Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деп Сұлтанмахмұт жырлағандай, қой сататын саудагерлерге, әсіресе, алыпсатарларға қарап, әрбір алушының «Мына кісі осы айтта қанша күнәға батты екен?» – деп ойлап кеткеніне күмән жоқ…
Нұрлан Мұқатайұлы:
– Ертеде айтқа сойған қойдың етін тұздап, ауыл молдасына беретін. Ол кісі дайындаушыға (загото-витель) сатып, ақшасын жоқ-жітікке тарататын. Негізі ең күшті, құнарлы дәрумені көп дәм – қойдың ішек-қарнынан жасалған қуырдақ. Тамызда жусан жеген қойдың ішек-қарнынан жасалған қуырдақ – көп ауруға ем. Ішкі құрылыстағы паразиттерді түсіріп, вирустерді емдейді. Өкінішке қарай, құрбан шалған адамдардың көбі ішек-қарын, бас-сирақты тастап кетеді, маса үймелеп, айнала былығады. Терінің ысырап болуы – тіпті бөлек тақырып…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА




