29 мамыр күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған «Миссис ерекше ана» облыстық байқауы өтті. Шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары және «Ресурстық ана» әлеуметтік бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесінен басталды. Фойеде ұйымдастырылған көрмеде ерекше балалар мен олардың аналары дайындаған шығармашылық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.
Байқауға облыстың әр өңірінен 18 қатысушы өтініш берген. Іріктеу нәтижесінде Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларынан 10 қатысушы финалдық кезеңге өтті.
Ұйымдастырушы Марал Бекбергенованың айтуынша, жоба ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және олардың өмірлік тәжірибесін көпшілікке танытуға бағытталған.
– Біздің мақсатымыз – ерекше аналардың қажыр-қайратын, табандылығы мен өмірге деген құштарлығын көрсету. Олар күн сайын үлкен жауапкершілікті арқалап жүр. Сондықтан олардың еңбегі мен жетістіктерін көпшілікке таныстыру маңызды, – деді Марал Бекбергенова.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Таныстыру бөлімінде қатысушылар өздерінің өмір жолы, ерекше бала тәрбиелеу барысында кездескен қиындықтар мен оларды еңсеру тәжірибесі туралы әңгімеледі. Кейбірі отбасы құндылықтарын бейнеролик арқылы таныстырса, енді бірі жүрекжарды ойларын бөлісті.
Сұрақ-жауап кезеңінде аналар инклюзивті қоғам қалыптастыру, ерекше балалардың құқықтары мен мүмкіндіктері, сондай-ақ, әйелдердің қоғамдық өмірдегі рөліне қатысты сауалдарға жауап берді. Ал шығармашылық бөлімде қатысушылар ән айтып, би билеп, өнерлерін паш етті. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер көрсетілген сән көрсетілімі байқаудың мазмұнын толықтыра түсті.
Финалистер қатарында Павлодар қаласынан келген бес баланың анасы Ботагөз Қожанова, қоғамдық белсенділігімен танылған Ирина Бочарова, блогер Айгүл Әбдіқадырова мен Сәуле Жүнісова болды. Екібастұз қаласынан қатысқан Айнұр Жұмабаева, Әсем Дәрігерхан және Ләзиза Әбенова да өздерінің белсенділігімен көрермендердің ықыласына бөленді. Ал Ақсу қаласынан келген Сая Билялова мен Сандуғаш Бөстекбаева, сондай-ақ, павлодарлық Гүлбағила Достан байқау барысында жан-жақты қырларын көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Ақсу қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Сандуғаш Бөстекбаеваға бұйырды. Қалған қатысушылар түрлі аталымдарда марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Шара барысында «AMANAT» партиясы облыстық әйелдер қанатының төрағасы Света Әбдраманова, партияның Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова және Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова қатысушыларды құттықтап, олардың қажырлы еңбегі мен табандылығына ризашылықтарын білдірді.
Облыстық байқау ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың қоғамдағы рөліне назар аударып, олардың өмірлік тәжірибесі мен белсенділігін көпшілікке танытуға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар ерекше балалар өсіріп отырған отбасыларды қолдаудың маңызын айқындап, инклюзивті қоғам құру ісіне серпін береді.
Ділназ Серікбай







