29 мамыр күні«Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде өңірдегі қосымша білім беру саласының дамуына сүбелі үлес қосқан білікті басшы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Фарзия Клепицаның 70 жылдық мерейтойына арналған «Мәртебелі мерей, өнегелі өмір» атты салтанатты кеш өтті.
Мерейтой иесін құттықтауға облыс және қала басшылығының өкілдері, білім беру ұйымдарының жетекшілері, педагогика саласының ардагерлері, әріптестері, түлектері мен тәрбиеленушілері жиналды.
Салтанатты шара барысында білім беру ісін дамытуға және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін Фарзия Ниязытқызы «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Фарзия Клепица 1956 жылы Ресейдің Новосібір облысы Куйбышев ауданында дүниеге келген. Куйбышев педагогикалық училищесінде «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын ұстаздық қызметпен байланыстырған.
Оның кәсіби жолы өңірдегі қосымша білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихымен сабақтас. Фарзия Ниязытқызының жетекшілігімен «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешені мыңдаған баланың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік берген іргелі білім ордасына айналды. Бүгінде мекеме облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де үздіктер қатарынан көрініп, түрлі марапаттарға ие болып келеді.
– Фарзия Клепица – заманауи басшы, талантты педагог әрі креативті менеджер. Оның бастамасымен ұжымда тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға және мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Жоғары жетістіктеріне қарамастан қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеттерін сақтап қалған тұлға, – деп атап өтті әріптестері.
Кеш барысында Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова арнайы құттықтау жолдап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев, полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов, «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова бастаған депутаттар корпусы мерейтой иесінің өңірдің білім беру жүйесін дамытудағы еңбегін жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ «Білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева, облыстық білім беру басқармасының педагогикалық кадрлармен жұмыс бөлімінің басшысы Фариза Арымбекова, директорлар корпу-
сының өкілдері мен қалалық педагогикалық қызметкерлер кәсіподағының төрайымы Әлима Рахымжанова құттықтау лебіздерін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті.
Фарзия Ниязытқызының есімі бүгінде Екібастұз қаласының ғана емес, Павлодар өңірінің білім беру тарихымен тығыз байланысты. Саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім саласына арнаған ұстаздың өнегелі жолы жас педагогтер үшін үлгі болып қала береді.
Ділназ Серікбай







