26 мамыр күні қаламызда жерасты дүмпулері болды. Тұрғындардың бірі асүйде ыдыс-аяқ салдыр-гүлдір еткенін, енді бірі үйдің корабль сықылды орнынан әрі-бері қозғалғанын сезініп, қорқыныш сезім кешті.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «жер сілкінді» деп жар салса, енді бірі «кеніште көмір қыртысы қопарылды» деген хабар тарата бастады.
Оқиғаға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі төмендегідей түсініктеме берді: «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2026 жылғы 26 мамырда Астана уақыты бойынша сағат 11:28-де жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 855 км қашықтықта, Павлодар облысының аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің координаттары: 50.47º с.е., 76.47º ш.б. Тереңдігі – 30 км. Есептік қарқындылығы (балмен): Баянауыл ауданы, Баянауыл ауылы – 2 балл».
Іле қала әкімі Аян Бейсекин аймақтық жедел штабтың отырысын өткізді. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі стратегиялық нысандар, ғимараттар мен құрылыстарды жедел тексеру шаралары жүргізіліп, жұмысқа қалалық және облыстық құрылымдардың мамандары жұмылдырылды.
– Елеулі зақымдар анықталған жоқ. Техникалық тексеру жүргізу үшін көпқабатты 4 тұрғын үй қарауға алынды, онда ұсақ жарықшақтар анықталды. Тұру үшін қауіп жоқ, тексеру аяқталғаннан кейін барлық қажетті шаралар қабылданады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жер сілкінісінің себептері мен ықтимал болжамдары ғылыми институттармен бірлесіп қарастырылуда. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындардың және қаланың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің штаттық режимде жұмыс істеуі жөніндегі барлық мәселелер облыс басшылығы және менің жеке бақылауымда, – деп хабарлады Аян Уахитұлы.
Жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желіде кейбір көпқабатты үйлер тұрғындары үйлердің жарылған қабырғалары түсірілген бейнежазбалар таратты. Және әкімнің парақшасына да аталған үй тұрғындарынан сұрақтар түсіп жатты. Сол сұрақтардың кейбірін жауаптарымен қоса ұсынып отырмыз.
@ruslan_bolat_1984: Энергетиктер көшесі, 116, 3-корпуста тұрамыз, бізде алаңдарлық себептер бар.
Әкімнің жауабы: Мазасызсдануға себеп жоқ, бұл мекенжай – бақылауымызда.
Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі: Аталған ақау ғимараттың көтергіш (несущий) құрылымына жатпайды: сылақтың және іргетас жылытқыштың ажырауы ғана байқалады.
laura.8319_: Энергетиктер, 116/3 үй де жылаңқы жағдайда. Назар аударуды өтінемін!
Қала әкімі: Бүгін сол мекенжайда болдым, жылаңқы ештеңесі жоқ. Үй қалыпты жағдайда, айтарлықтай ақау жоқ. Қосымша техникалық зерттеу жүргізіледі.
Атап өтерлік жайт, әкімнің инстапарақшасында Энергетиктер, 116/1, 116/2, Кеншілер, 25 мекенжайларының тұрғындары да өз үйлеріне қатысты алаңдаушылық білдірген. Ал бір тұрғын: «Әлия Молдағұлова көшесіндегі 18-үйде ұйықтау қорқынышты. Биыл үйді демонтаждауға тиіс еді, күтіп отырмыз», – деп жазды.
Алдағы уақытта ресми органдардан бұл үй тұрғындары тарапынан туындаған сұрақтарға қатысты түсініктемелер күтеміз.
Ж.ЖАПАРОВА



