Байет ауылдық клубының әдіскері Ербол Ахаев – тосынсый жасауға құштар азамат. Ол бұл жолғы тосынсыйды «Атамұра» мәдениет орталығының басшысы, Мәдениет саласының үздігі Нұрсұлу Төлеубаеваға жасауды ұйғарыпты. Сөйтіп құпия жүргізілген әзірліктен соң, 31 мамыр күні, «Өнерге адал жүрек» деп аталған бенефис-шоу жиналған қауымның назарына ұсынылды.
«Фотосессияға келіңіз» деген себеппен «Атамұраға» шақырылған Нұрсұлу Еркебайқызы босағадан аттаған сәтте өзін күтіп отырған қауымды көріп таң-тамаша болды. Бенефис-шоуды жүргізуші Ерболдан мән-жайды білген соң абыржыған қалыпта креслоға жайғасқан ол бір мезет әдеткі сабырлы қалпына келіп, өзіне қойылған сұрақтарға толымды жауап беруге кірісті.
– Бұрынғы Қашыр, қазіргі Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында өмірге келіппін. Кішкентай күнімде бәрі «домалақ қыз» деп атаушы еді. Әкем Еркебай небәрі 33 жасында бақилық болып, анам Шәмішқамар 28 жасында жесір атанып, алты баламен қалды. Сауыншы болып еңбек етіп, бізді асырады. Нағашы әжем Камалдың бауырында болып, көрші ауыл – Байқоныста бастауыш мектепті бітірдім. Сол уақытта-ақ нағашымның үйретуімен домбыра шертіп, сахнаға шығып ән айтып, тақпақ оқып, би билеп жүрдім, – деп бастады әңгімесін бенефис-шоу кейіпкері.
Экраннан Нұрсұлудың бойжеткен, жастық шағында түскен фотосуреттері көрсетіліп, ортаға 86 жастағы анасы Шәмішқамар, туған-туыстары шақырылды. Тосынсый жағдайында бір-бірін көріп мәз-мейрам болған туыстардың балалық шақ хикаяттарын баяндаған әңгімесінен кейін қонақтар ортасын отағасы Серік Айтқұлұлы толықтырды.
– Әскери борышымды Баку қаласында өткердім. Қасымда бірге болған жігіт Нұрсұлудың туысы екен. Сол туысынан фотосуретін көріп, танысуды ұйғарып, екеуара хат жазысып тұрдық. Бара-бара арамызда ғашықтық сезімі оянып, 1986 жылдың 1 қаңтарында қалыңдығымды ат-шанамен алып қашып, 8 наурызда үйлену тойын жасадық, – деген отағасы Серіктің әңгімесі, әрине, ерлі-зайыптылардың ұлдары мен келіндері Дархан – Эльмира, Дәурен-Зарина, қызы мен күйеу баласы Қымбат-Дәулеттің және немере-жиендерінің анасы- әжесіне гүл шоқтарын ұсынып, ақ тілектерін ақтаруымен жалғасып, ән шырқалды.
Жиналған қауым Нұрсұлу Еркебайқызының шәй деспей отырған тату-тәтті құдағиларының да лебіздерін тыңдап, бас кейіпкердің адамгершілік қасиеттеріне қаныққан соң, күтпеген кездесу желісі шарықтау шегіне жетті.
Орта мектепті аяқтаған соң Нұрсұлу Еркебайқызы Павлодар педагогикалық училищесінде оқыған екен. Студенттік дәуренді бірге өткізген жан құрбысы Гүлнәр сонау Ресей жерінен бейнебаян арқылы жүрекжарды лебізін айтып, құрбылары Бақыт пен Маржан адал достық жайлы сыр ақтарды.
Біз баяндап отырғандай, бенефис-шоуда тосынсый көп болды. Сонау 1999 жылы Нұрсұлу Еркебайқызын «Атамұра» мәдениет орталығына әдіскер етіп қызметке қабылдаған Ақнұрлан Беласарова экраннан құттықтап, қала әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы болған Айжан Жұмабаева Түркиядан сәлем жолдады. Бенефис-шоуға әр жылдары бірге қызмет еткен әріптестері еліміздің әр түкпірінен шақырылған екен. Алматыдан жеткен Жанна Қарманова «Әдемі-ау» әнін шырқап, Қарағандыдан келген Руслан Мағырупов пен Сейсен Қатпенов, өнердің отын бірге үрлеп жүрген Гүлбаршын Сәбитова, Сұңғат Көпежанов, Ертіс Ахаев және т.т. жылжып кеткен жылдар жылнамасын тағы бір мәрте парақтап шығып, замандас құрбысы Мәдина Боранова:
– Нұрсұлудың бойында қазақ қызына тән қасиет түгелдей тоғысқан. Ішкі жан дүниесі мен сыртқы кейіп-келбеті үйлесім тауып жарасқан, – дей келе, үстіне әдемі камзол кигізді.
«Кісілік – кісі көркі» демей ме. Табиғатынан кешіпейіл Нұрсұлу Еркебайқызы ұзақ жылдар «Атамұра» мәдениет орталығында жемісті қызмет етіп, ақыл-парасаты, қабілет-қарымымен ұжымына сыйлы, айналасына абыройлы тұлғаға айналып отыр. Ербол Ахаевтың «атамұралықтардың» риясыз қолдауымен жүзеге асырған бенефис-шоуы қызықты өтіп, ең бастысы, Нұрсұлу Еркебайқызының өмірі мен еңбек жолының біз білмеген парақтарына үңілуімізге мүмкіндік туғызды.
Ж.Жәлелұлы





