Қалалық кітапханада белгілі ақын, жазушы, өлкетанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосынның «Есімдері жүрсін деп ел есінде» атты кітабының тұсаукесері өтті. Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен қаламгердің бұл еңбегі – тарихтың көмескі парақтарын қайта жаңғыртуға арналған туынды.
Баянауыл мен Ерейментау аудандарының Құрметті азаматы атанған Сайлау Әшенұлы әдебиет пен өлкетану саласында ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол түрлі жанрда қалам тербейді. Жазушының 2008 жылы «Рух» атты өлеңдер мен әзіл әңгімелер жинағы жарық көрсе, «Депутаттың бәтіңкесі» әңгімесі «Алтын қалам – 2016» республикалық әдеби байқауында жүлдеге ие болды. «Қызылтау» жыр жинағы облыстық әдеби шығармалар байқауының «Поэзия» аталымында жоғары бағаланды. Мұрағаттық деректерге негізделген «Қанжығалылар», «Ерейментау» кітаптары да оқырман ықыласына бөленген. Жақында ғана қаламгердің «Ажалын жоғалтқан адам» романы жарық көрген болатын. Кітапхана қызметкері Нұргүл Байгаширова бұл туындының оқырман қолынан түспейтін кітаптың бірі екенін атап өтті.
«Есімдері жүрсін деп ел есінде» кітабына келсек, алғаш рет 2016 жылы жарық көрген туынды толықтырылып, қайта басылған. Жаңа басылымға Арқа даласының ғана емес, бүкіл қазақ жұртына танымал болған тарихи тұлғалар туралы тың деректер енгізілген. Автор ел жадынан көмескілене бастаған азаматтардың өмір жолын, халқына сіңірген еңбегін жинақтап, кейінгі буынға аманат етіп отыр.
Кітап төрт бөлімнен тұрады. «Шешендер мен көсемдер» бөлімі Бұқар жырау мен башқұрттың Байық шешенінің айтысы туралы жазбадан басталған. Автордың айтуынша, бұл мәліметті өлкетанушы Серік Жақсыбаев Башқұртстанға барған сапарында жазып әкеліпті. Бұдан әрі Көтеш ақын, Жарылғапберді, Бекше шешен, Сәкен мен Көкеш сұлу, Мағжан мен Мандельштам туралы деректер берілген. Сондай-ақ, халық арасында кең тараған Мәриям Жагорқызы туралы әннің тарихы мен оның авторы Үлебай сал жөнінде тың мәліметтер ұсынылған.
«Қыдыр дарып, қасиет қонған бабалар» бөлімінде Мәшһүр Жүсіп, оның әкесі Көпей сопы, Жанақ, Әбжалап, Түйте әулиелер, Тоқмұхаммет хазірет, Амалдық сопы және Омар дәрігердің өмір жолы мен халыққа сіңірген еңбегі баяндалады.
Ал «Тарихы тасқа жазылған тұлғалар» бөлімінде Едіге мен Торайғыр билердің нақыл сөздері, Сағынайдың асына қатысты кейінгі деректер, Торсықбай Қосақұлы бидің тапқырлығы, Бақтыбай батыр мен Сәрсенбай мергеннің ерлік жолдары қамтылған.
Кітапта, сондай-ақ, Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов, Рақымжан Жаманқұлов және Ахметолла Барлыбаев туралы құнды мәліметтер берілген. Бұл туралы «Ұлтым деп өткен тұлғалар» атты соңғы бөлімде жазылған.
Тұсаукесер барысында автор әр мақаланың жазылу тарихына тоқталып, деректерді қалай жинағаны жөнінде әңгімеледі. Содан соң өзінің «Біз екеуміз» атты өлеңін оқып берді. Кешке жиналған қауым қаламгер шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдіріп, жаңа кітаптың құндылығына тоқталды.
Айта кетерлігі, кітапқа енген мақалалардың біразы бұған дейін «Отарқа» газетінде жарияланған. Басылым автордың ел тарихы мен тұлғаларына қатысты материалдарын оқырман назарына тұрақты түрде ұсынып келеді.
Жиын барысында тәржімашы Рауза Мұсабаева, Құдайберген Ыңқашұлы, Болат Әбенов сөз сөйлеп, автордың өлкетану мен рухани мұраны дәріптеудегі еңбегін жоғары бағалады. Ал әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жомарт Қабыкенов кешті әнмен әрледі.
Шара соңында қаламгер оқырмандарымен шығармашылық жаңалығын да бөлісті. Сайлау Әшенұлының айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыспен «Сүмбіле жұлдыз туғанда» атты жаңа жыр жинағы жарық көрмек.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ





