«Екібастұз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменовтің айтуынша, көмірлі қаланың жалпы сәулеттік келбеті мен эстетикалық тартымдылығына теріс әсер ететін бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, қаланың жекелеген аудандарында ғимарат қасбеттері мен кіреберістері қанағаттанарлықсыз жағдайда, маңдайшалар мен жарнамалық құрылымдар ретсіз орналасқан, кәсіпкерлік нысандарды безендіру кезінде бірыңғай сәулеттік стиль сақталмаған, сыртқы жарнамалар әркелкі форматта үйлесімсіз орналасқан.
– Жекелеген аялдама павильондары, шағын сәулет нысандары мен абаттандыру элементтері заманауи талаптарға сай емес, іргелес аумақтар мен абаттандыру нысандарын күтіп-ұстау да көңіл көншітпейді. Бұл проблемалар қала эстетикасын әлсіретеді және инвестициялық және туристік тартымдылығын төмендетеді, – дейді маман.
Қайрат Зәруханұлының пікірінше, бұл мәселелерді шешудің негізгі тетіктерінің бірі – Екібастұз қаласының бекітілген дизайн-кодын іске асыру. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының әкімдігі бекітілген қалалық дизайн-кодты іске асыру бойынша практикалық жұмыстарды бастап та кетіпті.
– Бірыңғай сәулеттік талаптарды сақтай отыра, нысандарды бекітілген стандарттарға сәйкестендіру мәселелері бойынша кәсіпкерлік субъектілермен, жылжымайтын мүлік иелерімен және ұйымдардың өкілдерімен тұрақты негізде түсіндіру әрі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері кәсіпкерлерді Екібастұз қаласының дизайн-кодының негізгі талаптарымен таныстыру төңірегінде бірқатар іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, ғимарат қасбеттерін, кіреберіс топтарын, маңдайшалар мен жарнамалық конструкцияларды безендіруге, іргелес аумақтарды абаттандыруға және қалалық орта элементтерін біріздендіруге қойылатын талаптар түсіндірілді. Осы жұмыстар аясында кәсіпкерлік субъектілеріне шамамен 350 хабарлама табысталып, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша (ӘҚБтК-нің 505-бабы) 76 хаттама толтырылды, – дейді Қ.Сүлейменов.
Сонымен қатар, нысандарды дизайн-код талаптарына сәйкестендіру, олардың тиісті санитарлық және эстетикалық жағдайын қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде ұсынымдар берілді.
Маманның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің мамандары қала аумағындағы ғимарат қасбеттерінің, жарнамалық конструкциялардың және абаттандыру нысандарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуде.
Ж.АЙТЫШ



