Екібастұз қаласы әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте азаматтардың осал топтарын әлеуметтік қолдау жайы сөз болып, аталған тақырыпта жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева баяндама жасады.
Зейнеп Опабекқызының айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау 9139 қызмет алушыны қамтитын жалпы құны 3,4 млрд. теңге болатын 14 бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады.
Нысаналы топтарға арналған 31 әлеуметтік қолдау шарасының 15-і мемлекеттік қызмет көрсету, 13-і мемлекеттік сатып алу тәртібімен жасалған шарттар аясында көрсетіледі, 3-ін ведомствоға бағынысты мемлекеттік мекемелер іске асырады.
Мемлекеттік қызмет түрінде көрсетілетін әлеуметтік қолдау жайына келер болсақ, ағымдағы жыл басынан 393 отбасына 122,4 млн. теңге сома көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріліпті. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасыларындағы бір жастан алты жасқа шейінгі 500 балаға ай сайын 5 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 6488 теңге) мөлшерінде қосымша төлем төленуде. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы міндетті шарт болып табылады. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 17 адам тұрақты және әлеуметтік жұмысқа орналасты.
Тұрғын үй көмегі аз қамтылған 262 отбасына 7,8 млн. теңге сомада (2026 жылға арналған бюджет – 17,7 млн. теңге) көрсетілген. Әлеуметтік маңызы бар ауру түрлерімен ауыратын азасматтарға, сондай-ақ, атаулы және мереке күндеріне орай әр санатқа біржолғы, ай сайынғы, тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі. Жыл басынан бері әлеуметтік көмектің осы түрлерімен 3459 мұқтаж азамат (жалпы 297,7 млн. теңге) қамтылыпты.
Халықтың әлеуметтік осал тобына бөлінген 50,3 млн. теңге соманы құрайтын 36 тұрғын үй сертификатына (1,5 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде) 1-топтағы мүгедектігі бар 4 адам (5,1 млн. теңге), 2-топтағы мүгедектігі бар 8 адам (10,2 млн. теңге), 1 жетім бала (1,5 млн. теңге), 8 көпбалалы отбасы (13,4 млн. теңге), 11 толық емес отбасы (15,7 млн. теңге) және 3 жесір әйел адам (4,4 млн. теңге) ие болды.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету әлеуметтік қызметтер порталында жүзеге асырылады, онда азаматтар техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін, жеткізуші мен өндірушіні өз қалауымен таңдау құқына ие (2026 жылға арналған бюджет – 1701,6 млн. теңге, игерілгені – 522,9 млн. теңге). Жыл басынан бері 41 қызмет алушы сурдотехникалық құралдармен, 78-і кресло-арбалармен, 111-і тифлотехникалық құралдармен, 188-і протездік-ортопедиялық көмекпен, 148-і санаторлық-курорттық емдеумен, 195-і жеке көмекші қызметтерімен, 31-і есту қабілеті бойынша ымдау тілінің маманымен, 1292-сі гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген.
Үйде тәрбиеленетін және білім алатын мүгедектігі бар балалардың отбасыларына берілетін материалдық төлемдер көлемі бір балаға 8 АЕК-ті құрайды. Жыл басынан бері 82 балаға 2 583,4 мың теңге төленген.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатын әлеуметтік қолдау шараларына кіретін инватакси қызметін 300 ересек адам қолданып жүрген көрінеді, шығын құны – 26 млн. теңге. Кресло-арбаларды жөндеуге – 2,2 млн. теңге, тифлотехникалық құралдарды жөндеуге – 2,2 млн. теңге, шынжыр табанды көтергіш қызметтеріне – 4,1 млн. теңге, вагон көтергіш қызметтеріне – 2,8 млн. теңге, гемодиализге тасымалдауға 18,8 млн. теңге жұмсалыпты.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған 25 балаға «Әлем» балаларды оңалту орталығы жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетеді. Бұл мақсатқа 75,9 млн. теңге сома бағытталған.
Психоневрологиялық сырқаты бар 60 ерекше бала мен 67 ересек адамға «Өмір» оңалту шығармашылық орталығы 166 млн. теңге сомада қызмет көрсетеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамдарға стационар жағдайында қызмет көрсететін «Қорғау» дағдарыс орталығы» жеке қорына 17,8 млн. теңге жұмсалмақ. Орталық қызметіне жыл басынан 10 отбасы (соның ішінде 25 бала) жүгінген. Қазір орталықта 7 отбасы (соның ішінде 14 бала) тұрып жатыр.
Соңғы уақытта жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі айналысатын қызметтер тізбесіне өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) сүйемелдеу қосылғаны белгілі. Жыл басынан бері бұл қызметті «Қорғау» дағдарыс орталығы» жүзеге асырып (10,6 млн. теңге), 100 отбасына қолдау көрсетті. Тарқата айтсақ, 281 адамның (соның ішінде 151 бала) 75-іне – заңгерлік-психологиялық көмек, 14-іне әлеуметтік төлемдерді ресімдеу көмегі көрсетіліп, 9 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығына орналастырылған, 7 адам медициналық тексерістен өткізілді және 41 адамға азық-түлікпен көмек берілді.
Атап өтерлік жайт, мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлер «Ардагерлер үйі» (қарттар мен мүгедектерді оңалтудың облыстық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы) мен «Рухани Ертіс – Черноярская жемчужинада» жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігіне ие: бұл мақсат үшін екібастұздықтарға үш жүз жиырма төрт орын бөлінген.
Сонымен қатар, 478 адамға 74 әлеуметтік қызметкер (ауылда – 12) күтім жасайды, бұл бағытқа 2026 жылы 298, 3 млн. теңге қарастырылған. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың уақытша панасына айналған қайта әлеуметтендіру орталығының биылғы бюджеті – 146,0 млн. теңге. Орталық қызметін 37 адам пайдаланған.
Ж.ӘБДІКӘРІМ



