Таңғы салқынмен қала көшелерін аралап шықсаңыз, гүлзарлардың басында тынымсыз еңбекетіп жүрген адамдарды көресіз. Бірі гүл суғарып жүрсе, енді бірі топырағын қопсытып, арамшөбін жұлуда. Сырт көзге қарапайым көрінетін осы жұмыстардың артында қаланың көркін келтіріп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған зор еңбек жатыр.
Қаланы көгалдандыру – абаттандыру және экологиялық ахуалды жақсартудың маңызды бағыттарының бірі. Биыл да бұл жұмыстар ерекше қарқынмен жүргізілуде.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімінің маманы Махаббат Каированың айтуынша, биыл қалада жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын гүлзарлар жасалады. Түрлі гүл композициялары Астана, Мәшһүр Жүсіп, Мұхтар Әуезов, Кеншілер, Бауыржан Момышұлы, Энергетиктер, Беркімбаев, Абай және Мәншүк Мәметова көшелеріндегі саябақтар мен скверлерге орналастырылуда.
Көгалдандыру жұмыстарын «Аяулы алақан» қоғамдық бірлестігі атқарады. Ұйыммен үш жылға 519 миллион теңге көлемінде келісімшарт жасалған. Көктем басталысымен мамандар өсімдіктерді қалпына келтіріп, оларды жаңа маусымға дайындауға кіріскен.
– Биыл түрлі-түсті шырайгүлдер (петуния), сары және қызғылт сары барқыт гүлдер, қызыл сальвия, цинерария, антирринум және портулак отырғыздық. Вазондарға петунияның басқа сұрыптары егілді. Сонымен қатар көпжылдық раушан мен хризантема гүлдерін көбейтіп жатырмыз. Көшеттердің басым бөлігін өз жылыжайымызда өсіреміз, ал кейбірін басқа шаруашылықтардан сатып аламыз. Қала тұрғындары көркем гүлзарларды мешіт, перзентхана, вокзал маңы, әкімдік ғимаратының алды, т.б. жерлерден көре алады, – дейді ұйым басшысының орынбасары Саят Кирикбаев.
Соңғы жылдары гүл отырғызуда көпжылдық өсімдіктерге ерекше көңіл бөлінуде. Себебі олар жергілікті климатқа жақсы бейімделіп, ұзақ уақыт гүлдеп тұрады. Өткен жылдары егілген раушан гүлдері жаз бойы жайқалып, тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленген болатын.
Мәшһүр Жүсіп пен Пішенбаев көшелерінің қиылысындағы гүлзарлардың жанында бір топ жұмысшы еңбек етіп жүр. Гүлдердің кейбірі қауызын ашып, енді біреулер енді бас көтеріп келеді екен. Осындай әдемілікті сыйлаған қыз-келіншектер бүгін де гүлзардың ішінде еңбек етіп жатыр.
Қолына шағын құралын ұстаған Әсел Утелбекова бастаған топ әр гүлдің түбін мұқият қопсытып жүр.
– Гүл де адам сияқты. Оған күн сайын күтім қажет. Таңертеңнен бастап түбін қопсытып, арамшөптерін жұламыз. Тамыз айында қураған сабақтарын кесеміз. Кейде тұрғындар «әдемі гүлдерді неге қиып жатырсыңдар?» деп ренжиді. Бірақ бұл – өсімдіктің әрі қарай жақсы гүлдеуі үшін қажет шара. Әсіресе петуниялар қалың өскен кезде арасына ауа кірмей, су өтпей қалады. Сондықтан оларды сиретіп, тазалап отыру маңызды, – дейді ол.
Гүл күтімі сырттай қарағанда жеңіл жұмыс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр гүлдің өз ерекшелігі, суару тәртібі мен күтім тәсілі бар.
Гүл егу және күтіп-баптау жұмыстарына 30-дан астам адам тартылыпты. Солардың жұмысын үйлестіретін учаске бастығы Мақсат Әбілаятұлы гүлдердің күн сайын суғарылатынын айтады.
– Энергетиктер көшесінде гүл отырғызу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Біз әр гүлзарға өзіндік сән беруге тырысамыз. Кейде ұлттық ою-өрнектерді бейнелесек, кейде эмблемалар мен логотиптер жасаймыз. Мысалы, осы тұстағы композициялар қызыл және ақ түсті гүлдерден құралады. Қазіргі уақытта гүлзарлардың дизайнын жоспарлау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдаланып жүрміз. Негізгі мақсат – әр аумақтың өзіндік ерекшелігін қалыптастыру, – дейді ол.
Жаздың шуақты күндерімен бірге гүлзарлар да толық гүлдей бастайды. Алдағы бір-екі аптада қала көшелері бұрынғыдан да көркейіп, түрлі түске боялады.
Қала тұрғындары күн сайын көріп жүрген гүлдердің артында осындай еңбек жатыр. Таңнан кешке дейін тынымсыз жұмыс істейтін жандардың арқасында көшелер көріктеніп, саябақтар мен аллеялар ерекше сәнге бөленуде. Ал жайқалған гүлдер қалаға әсемдік, көтеріңкі көңіл күй мен жайлы атмосфера сыйлайды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






