Жаздың алғашқы күні – 1 маусым Екібастұзда ән мен жырға, шат күлкі мен көтеріңкі көңіл күйге толы мерекелік шаралармен басталды. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар қала тұрғындарына қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекенің шымылдығы «Қазақстан» алаңында өткен «Біз бақытты баламыз» атты концерттік бағдарламамен ашылды. Шарада «Қайнар» кешенінің «Очарование» би ансамблі мен қаламыздағы сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ән мен биге ұласқан концерттік бағдарлама жиналған қауымға бақытты балалық шақтың ерекше атмосферасын сезіндірді.
Мерекелік шарада Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова балаларды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған алаңдардың бірі балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырған шығармашылық шеберлік аймағы болды. Жас суретшілер ұзындығы 15 метрлік кенепке «Бақытты балалық шақ» тақырыбында ортақ сурет салып, өз қиялдары мен арман-тілектерін бейнеледі. Нәтижесінде балалық шақтың қуанышы мен жарқын әлемін көрсететін әсерлі туынды дүниеге келді.
Сонымен қатар алаңда қалалық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Балалар күлкісі – әлемнің нұры» атты Book Promotion акциясы өтті. Көрмеге қойылған кітаптармен танысқан бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлерімен безендірілген фотоаймақта естелік суретке түсіп, қызықты викториналар мен танымдық ойындарға қатысты.
Биылғы мерекелік бағдарлама ерекшеліктерінің бірі полиция және төтенше жағдайлар қызметі ұйымдастырған арнайы техникалар көрмесі болды. Балалар қызметтік көліктермен танысып, олардың кабинасына отырып көрді, арнайы құрал-жабдықтардың жұмысын қызықтады. Сондай-ақ, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларынан олардың қызметінің ерекшеліктері туралы маңызды мәліметтер алды. Балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында қала мектептерінде футбол, волейбол және баскетболдан жарыстар ұйымдастырылып, жүздеген оқушы мерекелік күнді спорт алаңдарында өткізді.
Осы күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Екібастұздың бақытты балалары» бейіндік лагерінің салтанатты ашылуы өтті. Инклюзивті бағыттағы орталықта әр баланың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың да қабілеттерін дамытуына және жаңа қырынан танылуына мүмкіндік жасалған. Мерекеге орай балалар үшін шеберлік сағаттары, интерактивті ертегілер, театрландырылған қойылымдар мен флешмобтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Екібастұз өңірінің ауылдық мектептерінен келген оқушыларға «Панданың шытырман оқиғалары» мультфильмі көрсетіліп, киносеанстан кейін балаларға балмұздақ пен шырын таратылды.
Мерекелік күннің қорытындысы ретінде Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен ашық аспан астында кинокеш өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмін тамашалады.
Ділназ Серікбай







