Нұрлан Бегуллаұлы Тәжібаев – отбасылық кәсіпті еңбекпен өрге сүйреп отырған азаматтардың бірі. Негізгі мамандығы – психолог. Қаржы және психология саласын меңгерген жоғары білімді, білікті маман әр жылдары «Өмір» сауықтыру-шығармашылық орталығында, қалалық аурухананың инсульт орталығында психолог, «Альтернатива» қоғамдық қорының директоры, «Қиын жағдайда қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығының» басшысы қызметтерін атқарған. Жұбайы Жанар Екпіндіқызы жеке фирмада есепші болып еңбек етеді. Бүгінде ерлі-зайыптылар кәсіп пен негізгі қызметті қатар алып жүр.
Нұрлан Бегуллаұлының айтуынша, кәсіпке келуіне пандемия кезеңіндегі қиындықтар себеп болған.
– Коронавирус індеті кезінде көп адамның жұмысы тоқырап қалды. Біз де үйде отырып қалдық. Сол уақытта Қарағанды қаласына барып, өзім мүлде істеп көрмеген салада еңбек ете бастадым. Жоғары қысымды шланг шығаратын цехқа жетекшілік еттім. Сол жерде көп тәжірибе жинадым. Кейін Екібастұзға оралғанда, «осындай өндірісті неге өзіміз ашпасқа» деген ой келді. Жұбайым «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында арнайы бизнес оқуын оқып, сертификат алды. Содан кейін осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібімізді бастадық, – дейді кәсіпкер.
«Бастау Бизнес» бағдарламасы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, салық жүйесін түсіндіріп, бизнес-жоспар құруға бағыт береді. Бағдарлама аясында қатысушылар арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алады. Кейін өз жобасын қорғап, жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бастама, әсіресе, ауыл тұрғындары мен кәсіпті жаңадан қолға алған азаматтарға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Бағдарлама өңірімізде шағын бизнесті өркендетуге мұрындық болып отыр.
Тәжібаевтар отбасы таңдаған кәсіп – жоғары қысымды шлангілер жасау және жөндеу. Жаңа саланы меңгеру оңайға түскен жоқ. Арнайы ғимарат, құрал-жабдық, тұрақты тапсырыс беруші қажет болды. Алғашында Қонаев көшесінен шағын орын жалдап, жұмысын сонда бастапты. Екі жыл бойы тұрақты клиенттерін қалыптастырып, кейін жеке сектордан үй сатып алып, кәсібін сол жерде жалғастырған. Үй жанындағы шеберхана мен көмір қорасын қоймаға бейімдеп, арнайы жабдықтар орнатты. Қажетті материалдарды Ресей, Қытай және басқа елдерден тапсырыспен алдырады.
Жоғары қысымды шлангілер – ауыл шаруашылығы техникалары мен коммуналдық көліктер үшін аса маңызды бөлшек. Іші резеңкеден жасалып, сырты темірмен қапталған мұндай бұйымдар өте мықты болғанымен, уақыт өте тозады. Егер жоғары қысымды шлангтар тесіліп, істен шығып қалса, су жаңа техниканың өзі қаңыраған темір болып қалмақ. Не шөп көтермейді, не жер қазбайды. Осылайша бір ғана бөлшектің істен шығуы техниканың түгел тоқтауына әкелуі мүмкін. Әсіресе науқан кезінде ауыл адамдары үшін бұл – үлкен проблема.
– Бұл бөлшектерді адам ағзасындағы қан тамырларымен салыстыруға болады. Онсыз техника жұмыс істемейді. Клиенттердің қатарында кәсіпорындар мен фермерлік шаруашылықтар, түрлі ұйымдар бар. Маған коммуналдық көлік иелерімен қатар ауыл тұрғындары да жиі келеді. Техника тоқтап қалса, шаруа жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сондықтан адамдарға тез әрі тиімді көмек көрсетуге тырысамын. Кейде шлангінің бір бөлігі ғана бүлінеді. Ондай жағдайда тұтас ауыстырмай, істен шыққан бөлігін жөндеп беремін. Адамдарға қай елдің өнімі қанша тұратынын түсіндіріп, таңдау жасауға көмектесемін, – дейді Нұрлан Бегуллаұлы.
Осыны айтқан кәсіпкер шеберханасын ашып, көрсетіп, тәптіштеп түсіндірді.Оның шеберханасында әр зат өз ретімен орналасқан. Қоймадағы бөлшектер түгел тізімделіп, тапсырыстар арнайы журналға мұқият тіркеледі. Мұның бәрі Нұрлан Бегуллаұлының көпжылдық қызмет тәжірибесі мен жауапкершілігін аңғартқандай.
Кәсіпкер демалыссыз, тіпті мереке күндері де қызмет көрсетеді, кез келген уақытта көмектесуге дайын. Клиенттері де мұны жоғары бағалайды.
Қазір Нұрлан Тәжібаев отбасылық бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр. Ірі техникаларды жөндеуге ыңғайлы болу үшін қойма жанына үлкен гараж салмақ. Оның іргетасы да құйылып қойған.
Нұрлан Бегуллаұлы негізгі психолог мамандығын да қатар алып жүр. Алдағы уақытта кәсібін дамытып, өндіріс аясын кеңейтуді көздейді. Бұл мақсаттарын отбасымен бірге талқылайды. Әсіресе қызы Әлмина әкесінің бастамасына үнемі қолдау білдіреді.
– Әке, сенің бизнесіңді мен жалғастырамын, – дейді ерке қызы.
Ал кәсіпкердің өзі болса мемлекет берген бұл мүмкіндікке шынайы алғыс білдіреді.
Жыл сайынғы жоспарлы квота шеңберінде Екібастұз қаласында он шақты азамат өз ісін ашып, дамытуға мүмкіндік алады. Еңбекқор отбасылардың кәсібі өркендеп, ел игілігіне қызмет ете берері сөзсіз.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





