Елімізде жыл сайын 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күні аталып өтеді. Бұл атаулы күн 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңымен бекітілген болатын. Ал рәміздеріміздің өзін 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің президиумы бекіткен.
Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi – Мемлекеттiк Елтаңба авторлары – Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР Мемлекеттік гербiнiң негiзi – шаңырақ. Ол – елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi – отбасының бейнесi. Шаңырақ – Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, шаңырақ – киiз үйдiң күмбезi – көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар – дала дүлдүлi, ер-азаматтың жеті қазынасының бірі, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаз қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар
Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол – өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар…
Ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген көгілдір түсті Туымыздың авторы – суретшi Шәкен Ниязбеков. Тудың ағаш сабына бекiтiлген тұсында ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Бiрыңғай көгiлдiр түс бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолындағы адалдығын аңғартады. Көк аспан – бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран еркiндiк сүйгiш асқақ рухты, қазақ халқының жан дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Ту жалпы тарихта халықты біріктіретін ерекше күшке ие болған. Қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігілуі халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік маңызы бар ұғым-түсінікті қалыптастырған. Қазақ мифологиясын терең зерделеп, осы тақырыпта көлемді еңбектер қалдырған Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабында тудың тігілуі немесе бағанаға, ағашқа жалаудың байлануы аса маңызды әрі фольклорлық мұрада көп тараған әрекеттердің бірі, оның астарында мифтік қоғамды, өркениетті орнату, структурасын белгілеу түсінігі жатыр делінген.
ХVІІІ ғасырда қазақ батырлары бір тудың астына жұмылып, жоңғарларды талқандаса, ХХ ғасырдың басында қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлері бір тудың астына бірігіп, болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде тұрған киелі тудың басы қазақ халқының бірлігі мен ынтымағының нышаны саналған. Оны ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы: «Сәруәр пірдің басшысы – Қожа Ахмет Ясауи. Түркістанда бұ да өткен, Туына жұртын түнеткен» деп жырға қосқан.
Қасиетті рәміздеріміздің бірі – Әнұранды жатқа білмейтін бала жоқ шығар. Балабақша табалдырығынан жатқа айтылатын осынау рухты әннің кеудені дүбірге ерекше бөлер шағы – Олимпиада аспанында асқақтайтын сәттері.
Биыл бәріміздің рухымыз Италия аспанында әуелеген Әнұранымызбен әлдиленіп, жүрегіміз Тумен берге тербелді емес пе. 2026 жылдың ақпанында өткен қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын медаль алып, еліміздің мәртебесін көтерді. Осындай сәтте төл Туыңды тербетіп, Әнұраныңды шырқаудың, оны өзгеге мойындатудың салмағы мен қасиетін ерекше сезінесің. Миша оғлан кешкен осынау ғаламат сезімді көптеген өрендер сезініп, бастан кешсе екен дейсің…
Д.Серікбай



